Жоба аясындағы жұмыстар зерделенді
Инфрақұрылым саласының басым бір бөлігі — аймақ тұрғындарын газбен қамту. Елімізде бұл орайда жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Мемлекет бүгінде газдандыру жұмысы жүргізілмеген шалғай елді мекендердің өзіне көгілдір отын жеткізіп, халықтың жайлы өмір сүруіне қолайлы жағдай жасауды мықтап қолға алды.
Мемлекеттік бағдарламалар негізінде халықты мүмкіндігінше газбен қамту кезек күттірмейтін маңызды мәселе. Осы орайда, газдандыру жұмыстары қазіргі таңда аймақта да жүйелі жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Көктем» тұрғын алқабын газбен қамтудың үшінші кезегі жобасы аясында тиянақты тірліктер атқарылып жатыр. Алқаптағы тұрғын үйлерге газ жеткізу мәселесі бойынша бірқатар жұмыстар пысықталды. Қала әкімдігінің құрылыс бөлімінің мамандары, мердігер мекеме мен «QAZAQGAZ AIMAQ» қызметкерлері, техникалық қадағалаушы маман – барлығы бірлесіп, алқапты газдандыру жұмысын зерделеді. Тұрғындардың қауіпсіздігі – басты назарда болуы керектігі айтылып, жобаның жоспарға сай атқарылу қажеттігі ескертілді.