Жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтитын кәсіпорындар құру маңызды
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мойынқұм ауданының тұрғындарымен кездесті.
Ербол Қарашөкеев Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының басты бағыттарын айқындап бергенін атап өтіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған мақсат-міндеттерге тоқталды. Облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін қысқаша баяндап берді. Өңірдің экономикалық өсімі 4,3 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,9 пайыз деңгейінде қалыптасты. Ауылшаруашылығы саласында 488,5 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. 627 бірлік техника сатып алынып, жаңару деңгейі – 8,9 пайызды құрады. 506,8 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жалпы құны 214 миллиард теңгеге 35 жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде 1,5 мың жұмыс орны құрылды.
64 көпқабатты (2706 пәтерлі) тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 миллиард теңгеге 1671 пәтер сатып алынды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 62,7 мың адам тартылды.
Басқосуда аудан әкімінің есебін тыңдаған Ербол Қарашөкеев жергілікті азаматтарды жұмыспен қамтитын кәсіпорындар құрудың маңыздылығын баса айтты.
– Мойынқұм ауданының бар мүмкіндігін пайдалана отырып, әлеуетті кәсіпкерлер мен инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету маңызды, — деген облыс әкімі «Бірлік – Мойынқұм – Ұланбел» тас жолының жай-күйіне де назар аударды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, аталған облыстық мәндегі жолдың шұңқырларын жамау жұмыстары екі аптадан кейін бастау алады.
Кездесу барысында салық түсімін реттеу, кен орындарын тиімді игеру, ауылшаруашылығы өнімінің көлемін ұлғайту, сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жобаларды қолдау, тауарлық несие беру мәселесіне басымдық берілді. Аудан әкімдігіне балалар қауіпсіздігіне жіті көңіл бөліп, полиция департаментімен бірлесіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және өзге де өзекті мәселелер бойынша нақты міндеттер қойылды.
Сұрақ-жауап бөлімінде мойынқұмдықтар бірқатар түйткілді сауалдарды көтеріп, ойларын ортаға салды. Мәселен, ардагер Ғанаят Қашқынбеков аудандық ауруханада «МРТ» аппаратының жоқтығын айтып, өңір басшысынан мәселені шешуге ықпал етуін өтінді. Өз кезегінде Ербол Қарашөкеев денсаулық сақтау басқармасына медициналық аппаратты сатып алуды келесі жылдың жоспарында қарастыруды тапсырды.
Бұдан бөлек, азаматтар инфрақұрылым, білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы саласы мен коммуналдық қызметтерге қатысты талап-тілектерін жеткізді. Облыс әкімі халық көтерген сауалдарды мұқият тыңдап, заң талаптарына сәйкес жауап берді. Айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленетінін жеткізді.
Кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдау жүргізіліп, мәселелерін шешу жолдары қарастырылды.
Облыс әкімі жұмыс сапары аясында Мыңарал ауылына атбасын бұрды. Әуелі «Shagala Mining» ЖШС катодты мыс өндіру зауытының құрылыс барысын тексеріп, мәселелерді жеке бақылауына алды. Сонымен бірге, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ның инвесторы – франсуздық «Vicat group» компаниясының басшылық құрамымен кездесті. Ербол Қарашөкеев компанияның құрметті президенті Жак Мерсерон-Викаға өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқаны үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасын және «Мойынқұм ауданына сіңірген еңбегі үшін» медалін тапсырды.