Облыс әкімі кітап оқуға құштар жастармен кездесті

0 3

Облыс әкімдігі мен «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жастарды кітап оқуға баулу, білімді ұлт қалыптастыру мақсатында қаңтар айында «Ой шебері» зияткерлік ойынын ұйымдастырып, оған Тараз қаласы мен аудандардан 90 команда, 450 оқушы қатысқан болатын.

Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында «Ой шебері» зияткерлік ойынының жеңімпаздарымен кездесті. Ербол Шырақпайұлы оларға сәттілік тілеп, кітаптың адам өміріндегі маңызы туралы ойларымен бөлісті. «Кітап – ой-өрісті кеңейтетін, адамды жан-жақты дамытатын және жүректі мейірімге бөлейтін құнды дос. Әрбір оқылған бет, алынған білім – өмірдің түрлі қыр-сырын ашып, болашақта үлкен жетістіктерге жетуге көмектеседі», – деп жастарды кітап оқуға үгіттеді.

«Ой шебері» зияткерлік ойынының жеңімпаздары қатарында 300 кітап оқыған Асқар Нұрмахан, Мұқағали Мақатаевтың 250 өлеңін жатқа білетін Кәусар Қашқынбай және 100-ден астам кітапты зерттеген Нұртілеу Сатыбалды сынды талантты оқушылар бар. Олардың білімге деген құштарлығы мен ізденісі барлық жастарға үлгі боларлықтай.

Емен-жарқын жүздесу жастардың білімге деген қызығушылығын арттырып, олардың кітап оқуға деген сүйіспеншіліктерін одан әрі тереңдетуге ықпал етті. Жас дарындар кездесу соңында облыс әкімімен естелік суретке түсіп, шығармашылықтарына шабыт алып, көңілді күйде тарқасты.

Облыс әкімдігі осындай игі іс-шараларды болашақта да өткізіп, жастардың білімін арттырып, кітап оқуға деген қызығушылықтарын одан әрі дамытуды мақсат етіп отыр.