Зауыт шығарылатын өнім түрлерін кеңейтпек

0 5

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірдегі «Запчасть» АҚ ірі машина жасау кешенінің технологиялық желілерінің жұмысымен танысты.

Кәсіпорын жылына 100 мың тоннадан астам болат пен шойын шығарады. 2026 жылға қарай заманауи технологияларды енгізудің арқасында бұл көрсеткішті екі есеге арттыру жоспарлануда. Зауытта 588 адам еңбек етеді. Бүгінгі таңда 4 цех жұмыс істейді: электр болат балқыту, болат құю, механикалық штамптау және әмбебап цех. Сонымен қатар, «Запчасть» теміржол жылжымалы құрамдарының құрамдас бөліктерін шығарады.

Кешен аумағында еуропалық үлгідегі сапалы арматура шығаратын «Арматура Тараз зауыты» ЖШС іске қосылған. Қазір зауыт бір ауысымда 300 тоннаға дейін арматура шығарады. Өнім ішкі нарықтың қажеттіліктерін жауып, Ресейге экспортталады.

Биыл шілде айынан бастап кәсіпорында шығарылатын өнім түрлерін кеңейтіп, өндіріс көлемін ауысымына 400 тоннаға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бүгінде «Запчасть» АҚ-да реверсивті материалдарды өңдейтін цех салу жобасы жүзеге асырылуда. Жаңа цехты пайдалануға беру болат балқыту өндірісінің өзіндік құнын 50 пайызға дейін төмендетіп, құю цехының өнімділігін 200 пайызға арттыруға мүмкіндік береді. Жобалық қуаттылығы – жылына 30 мың тонна.

Аралау қорытындысы бойынша өңір басшысы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасына жаңа цехтың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етуді, өнімді өткізу көлемін ұлғайту мәселесін зерделеуді тапсырды.