Кешенді жұмыстар жалғасуда

0 8

Облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдеріне «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтып берді.

Оның айтуынша, облысымызда 371 елді мекенде 163 тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны бар. Оның 159-ы коммуналдық меншікте болса, 4-еуі жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген. Бүгінгі таңда полигондарда 3,2 миллион тоннадан астам қалдық жинақталған, оның ішінде 2024 жылы 58,7 мың тонна қоқыс шығарылып, 11,7 мың тоннасы сұрыпталған.

Облыста тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі жекеменшік мекемелерге берілген. Бұл салада 40 мекеме жұмыс істеп, 191 бірлік техника жұмылдырылған. Қазіргі уақытта 792 күл-қоқыс алаңшасында 4102 контейнер орнатылған, оның ішінде 700-і пластик қалдықтарға, 106-сы сынапты шамдарға, 3296-сы жалпы қалдықтарға арналған. «Тұрмыстық қалдықтарды шығару қызметі көпқабатты үйлерде күнделікті, ал жеке секторларда аптасына екі рет жүргізіледі», – деді Қанатбек Мәдібек.

Облыс әкімдігінің экология департаменті кездейсоқ қалдықтарды анықтау үшін «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның спутниктік мониторинг жүйесін пайдаланып келеді. 2023 жылғы зерттеулер нәтижесінде 343 заңсыз қоқыс орны анықталып, жойылған. «Облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы анықталған құқықбұзушылықтар бойынша әкімшілік хаттамалар толтырып, 414,3 мың теңге көлемінде айыппұл салды», – деді спикер.

2024 жылдың алғашқы екі айында облыс аумағын абаттандыру қағидаларын бұзу фактілері бойынша 3699 дерек тіркеліп, оның 3691 ескерту берілді, 8 жағдай бойынша 157280 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде 2024 жылдан бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жүзеге асырылуда. Оның аясында облысымызда «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» сынды бірнеше акция өткізілді. Нәтижесінде 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы тазартылып, 829 шақырым канал мен арық жүйесі ретке келтірілді. 137,5 мың аула мен 4,8 мың шақырым көше қоқыстан тазартылып, 30875 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар, 60 мыңға жуық ағаш отырғызылды.

Сондай-ақ өңірде «Үлгілі ауыл» байқауы өткізіліп, жеңімпаздарға қомақты жүлде тағайындалды. (Бірінші орын – 50 миллион теңге; екінші орын – екі ауылға 25 миллион теңгеден; үшінші орын – бес ауылға 10 миллион теңгеден).

Облыста санитарлық тазалыққа, көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы санитарлық тазалыққа 2,4 миллиард теңге бөлінсе, көгалдандыру жұмыстарына 1,2 миллиард теңге қарастырылған.

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті дамыту тұжырымдамасы аясында 2029 жылға дейінгі Өңірлік жоспар әзірленіп, облыстық мәслихаттың сессиясында бекітілді. Бүгінде осы акция шеңберінде жаңа жобалар қолға алынып, өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған кешенді жұмыстар жалғасуда. «Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Барша облыс тұрғындары мен кәсіпкерлерді тазалық шараларына белсенді қатысуға шақырамыз», – деді Қанатбек Мәдібек.

Брифинг соңында БАҚ өкілдері спикерге тақырып аясында сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды.