Биыл өңірде 26 білім беру нысанының құрылысы жүргізіледі
Тараз қаласы мен оның аудандарындағы бірқатар білім мекемелерінің тозығы жеткені туралы соңғы уақытта әлеуметтік желілерде ата-аналар тарапынан көптеген шағым айтылып, мәселелер қозғалды. Осыған байланысты облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыс орталығындағы бірқатар мектептердің жағдайымен танысып, оқу орындарының жаңғыртылуы мен жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алуға шешім қабылдады.
Аймақ басшысы бірінші кезекте Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияға барды. 1971 жылы пайдалануға берілген бұл мектептің қазіргі ғимараты, ең алдымен, күрделі жөндеуді қажет етеді. Бүгінгі таңда оқу ордасында 2600-ге жуық оқушы білім алуда. Ғимараттың жағдайы білім сапасына тікелей әсер етіп жатыр. Ербол Қарашөкеев мектептің жағдайын тексеріп, жауапты тұлғаларға жөндеу жұмыстарын мүмкіндігінше тез бастауды және олардың сапасына мұқият көңіл бөлуді тапсырды.
Сонымен қатар, облыс әкімі Тараз қаласындағы №13 орта мектепті, Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның екінші корпусын, сондай-ақ 1975 жылы ашылған №25 орта мектепті аралап, оларда да жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне тоқталды. Аймақ басшысы білім беру нысандарын жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарын жоспарға сәйкес және сапалы орындау қажеттігін атап көрсетіп, балалардың қауіпсіздігін бірінші орынға қоюды қатаң ескертті.
Облыс әкімінің айтуынша, тозығы жеткен мектеп ғимараттары, бюджет мүмкіндіктері ескеріле отырып, кезең-кезеңімен жөндеуден өткізіледі. Мақсат — білім беру нысандарын заман талабына сай ету және мектептерде оқу процесінің тиімділігін арттыру.
Сонымен қатар, биыл облысымызда 26 білім беру нысанының құрылысын жүргізуге қаржы бөлінген. Оның ішінде 11 мектеп және 10 мектепке қосымша ғимарат ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бұл, өз кезегінде, апатты жағдайдағы, үш аусымды, оқушы орны жетіспейтін, тозығы жеткен мектептердің мәселелерін шешуге бағытталған маңызды қадам болып табылады. Қосымша 7 спортзалдың, асханасы жоқ мектептердің де мәселесі шешілмек.
Жалпы, облыс аумағында 10 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 7,3 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржы білім беру нысандарының инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалып, балалардың қауіпсіздігін және оқу сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, алдағы уақытта тағы да жаңа мектептер мен ғимараттардың құрылысын бастау жоспарлануда.