Бала тәрбиесі – басты байлығың

0 11

Облыстық өңірлік коммуникация алаңында облыс полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының кәмелетке толмағандар полициясы тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті.

— Қазіргі қоғамда жасөспірімдер арасындағы қылмыс мәселесі қоғамның басты назарында тұр. Бұл мәселеге әсер ететін негізгі факторлардың бірі — отбасының тәрбие берудегі рөлі мен әлеуметтік ортаның әсері. Өкінішке қарай, жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге баруы көбінесе ата-ананың жауапкершілігінің төмендігі мен әлеуметтік жағдайдың әсерінен туындайды. Сол себепті, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу тек құқық қорғау органдарының жұмысы ғана емес, қоғамның барлығының жауапкершілігін талап ететін шаралардан тұрады.

Жасөспірімдер арасындағы қылмысқа жол бермеу мақсатында түрлі профилактикалық іс-шаралар өткізіліп жатыр. Осы бағытта полиция қызметкерлері, білім беру мекемелері мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуде. Бірақ, жасөспірімдердің қылмыстық әрекеттерге баруының алдын алу үшін ең маңыздысы – отбасы мен қоғамның белсенді қатысуы.

Өкінішке қарай, ата-аналардың жұмысбастылығынан қадағалаусыз қалған балалар көбіне көше кезіп, қаңғыбастықпен айналысады. Бұл өз кезегінде қылмыс жасауға алып келеді. Сондықтан да, профилактикалық іс-шаралар тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті болып табылады.

Биылғы жылы жергілікті полиция қызметі ювеналдық полиция бөлімшесі бірқатар профилактикалық іс-шаралар өткізді. Олардың қатарында «Қауіпсіз мектеп», «Түнгі қаладағы балалар» және «Құқықтық тәртіп» сияқты жобалар бар. Бұл іс-шаралардың аясында мектеп жанындағы рейдтер, жастар орталықтары мен прокуратура қызметкерлерімен бірлескен рейдтер ұйымдастырылды. Рейдтер барысында әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берген 3 мыңнан астам адамға хаттама толтырылған.

Сондай-ақ ата-аналарға қатысты да шаралар қабылданып, 220 ата-ана ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Ал, түнгі уақытта балалары ойын-сауық орындарында ұсталған 85 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осы тәрізді шаралар жасөспірімдер мен олардың ата-аналары үшін маңызды сабақ болуда.

Түнгі уақытта қараусыз жүрген жасөспірімдер қылмыс жасауы немесе қылмыстың құрбаны болуы мүмкін. Ал, түнгі уақыттағы бала өмірінің қауіпсіздігі үшін ата-аналар жауапты. Әкімшілік кодекстің 442-бабына сәйкес, түнгі уақытта жасөспірімдер заңды өкілдерсіз жүргені үшін ата-аналар жауапкершілікке тартылады.

Қоғам болып, бала тәрбиесінде жауапкершілікті бөлісіп, осы бағытта бірігіп жұмыс істегенде ғана жас ұрпақты ұлағатты, білімді және жауапкершілікті етіп тәрбиелеу мүмкін болады. Ата-ана тәрбиесі мен қоршаған ортаның ықпалы жасөспірімдердің қылмысқа баруына жол бермеудің негізгі кілті болып табылады.

Қорыта келгенде, Абай Құнанбайұлының «Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деген сөзін ескеріп, балаларымыздың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне барынша назар аударуды міндетіміз деп санаймыз, — деп түйіндеді спикер.