Ұлыстың ұлы күні: Таным мен тұжырым
Наурыз – жаңа күннің бастауы. Табиғаттың жаңарып, тіршіліктің жанданып, ниеттің тазарып, жақсылықтың, ізгіліктің оянатын шағы. Сонымен бірге түркілік таным бойынша 12 жылдық мүшелдік цикл басталатын күн Наурыз мейрамына сәйкес келеді. Әлі күнге бұл дәстүрлі мереке елдің бір бөлігінде наурыздық Амалдың келуімен бірге мүшелдік жыл басы түрінде тойланып келеді.
Мерекенің прототүркілік сипаты
Күн мен түннің теңелуі – ғаламдық құбылыстарға тән ұлы іс. Ұлы істің ұлылығын ата-бабамыз ежелден байқап, ерекше атап өткен. Бұны бес мың жыл бұрынғы Алматының солтүстік-батысындағы 170 км жердегі Аңырақай жотасындағы Таңбалы жартаста қашалған композициялық петроглифтен байқауға әбден болады. Күндидарлы Тәңір мен түнкейіпті Іңір бір-біріне құшақ жайып көрісіп тұр. Олардың ортасында сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген, бұлардан төмен он екі мүшелдің кейпіндегі 12 бейне қол ұстасып билеп жүр. Бұл қола заманынан да ерте неолит дәуіріне жетелейтін дерек және бұны бүгінгі Наурыз мерекесінің толық тарихи куәлігі, төлқұжаты деуге болады.
Сақтар айтулы күнді қалай қарсы алған? «Күн шығар сәтте қаған ордасының үстіне күн бейнелі жалау көтеріліп, қотанға шымқай қызыл мауытыдан киім киген 365 бозбала шығатын болған. Балалардың саны бір жыл ішіндегі тәуліктердің айғағындай болып, 365 өнерпаз бозбала тойдың шырайын келтірген. Бір жылды құрайтын әрбір тәуліктің келешегін алдын ала жақсарту үшін 365 күй тартылған. Сонан соң бүкіл елдің батагөй абызы елдің, қағанаттың үміт-тілегін Тәңірге жеткізетін 9 күй тартқан. Бұл 9 күй міндетті түрде қобызбен тартылатын болған» (Квинт Курций Руф. Поход Александра б.з.д. І ғ.).
Ғұндар мерекені қалай бастаған? Белгілі этнограф Жағда Бабалықұлы «Қазақпарат» агенттігіне берген сұхбатта былайша суреттейді: «Қытайлардың жазғанына қарағанда, ғұндардың хандары – тәңірқұттар Наурыз басталатын күні тау басына шығып, ұясынан жаңа көтерілген күнге қол жайып, тілек сұрап, дұға қылады. Ол дұға қайырғанда тәңірқұттың арқа жағын ала қолында қобызы бар абыз отырады. Тәңірқұт дұғасын оқып болғанда абыз 9 қоңыр күй тартады екен. Ол күй тартып болғанда оның соңын ала отырған 365 күйші бір-бірден күй тартады.
Түркілердің наурызы. Махмұт Қашғари: «Көшпенділер өз жаңа жылдарын тойлағанда барлығы бір ауылда жиналып, өткен ескі өшпенділіктерін ұмытып, қару-жарақтарын тастап, бір-біріне ізгі тілектерін айтады».
Қазақтардың бас таңды қарсы алуы. Қазақтар Қыдыр түнін ұйқысыз өткізіп, бас таңды қалай қарсы алады? «…Жастар ауылдағы ноқта көрмеген ең асау тайыншаны ұстап, ең ескі ашамайды салып, ашамай үстіне ең ескі киім-кешек пен құрым киізден жасалған қуыршақ орнатып, тайыншаның құйрығына ескі шелек байлайды да: «Ұлыс таң атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді. Асау тайынша өкіріп-бақырып жөнеледі. Ит үреді, қотандағы мал үркеді, үй-үйден шал-шауқан ербиіп шығады, жастар мәз-мейрам болысады…» (Ақселеу Сейдімбекұлы, «Қазақ әлемі»).
«Амал» һәм жыл басы
Қазақтың жаңа жылын Күн-Түн теңелімімен дәйектеушілер 21-22 наурызда дейді. Бірақ Ресейдегі 1917 жылғы революцияға дейінгі фольклорда, тіпті қазіргі әдебиетте де жыл басының көктемге сәйкес келетіні айтылады, жырланады. Ешбір туынды күн мен түн теңелімін бұған қатысты әңгіме етпейді. Неге? Себебі қазақтың жыл алмасымы көктем мезгілінің ауысуымен бір келеді. Бұл дәстүр ортаазиялық ғылыми-әдеби туындыларда әбден орныққан. Бұл да амал/һамал айының келуімен тікелей байланысты астрологиялық үдеріс. Қазақтағы «Амал келді – жыл келді» дейтін тәмсіл көктеммен бірге ғана жаңа жыл келеді деген ұғымды меңзеп тұр. Көктем күн мен түннің теңелуінен 8-9 күн бұрын келеді. күн мен түн күзде де теңеледі, бірақ неге жыл алмаспайды?! Мәселе күн мен түн арбасуының уақыттың жаңаруына қатысы жоқтығында. Бұл ежелгі диалектикалық таным, күнек пен түнек, ақ пен қара арбасуы, үйлесімі – танымдық пәлсапалық құндылық. Алайда бұл көктемде жаңа жылмен қабаттаса келеді. Содан жұрт шатасады.
Амал айының Наурыз мейрамына, жаңа жылға қатыстылығын әйгілейтін әдеби жәдігерлер қыруар. Күн мен амал жұлдызына қатысты көктемнің келуін ортаазиялық ақын Рабғұзи (Насреддин) «Көктем» өлеңінде былайша суреттейді:
Ғаламның Күні кезіктіріп
Тоқтыдағы Қамалды,
Қар мен мұзды ерітіп,
аласапыран басталды.
Аяз бенен қарға бөккен ел еді…
Қарашы енді:
Күн келеді, Күн келеді!
Ортаазиялық уақыт өлшеуші орын ертеден Бұқар хандығындағы жұлдызшылардың есебімен «Бұқар есебі» ретінде мойындалған. Өйткені көп уақыт бойы бұқарлық математиктер мен астрономдар ешкімге дес бермеген. Наурыз мерекесінің бастау уақытын нақтылап жоғарыда Шәкәрімұлы Ахаттың естелігінен үзінді келтірдік. Бұны белгілі әулие, жазушы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы былайша қолдайды: «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде (ескіше 1-8 наурыз аралығы – С.Е.) болдым, дәл сегізінші күн «Мазар Шариф» деседі», деп Наурыз мерекесі де, ай да бүгінгі 14 наурыздан басталатынын және ресми 8 күн және бейресми халықтық мейрам бір айға созылады», деп дерек береді. Бұқарды билеген Абдолла хан ресми түрде Жаңа жыл мен Наурыз мерекесін біріктіріп мерекелеген. Осылайша, бұрыннан келе жатқан тартыстың шешімін әділ тапқан. Бұл бұрынырақтан келе жатқан үрдіс болуы бек мүмкін.
Белгілі фарабитанушы Ақжан Машанов өзінің «Әл-фараби» тарихи деректі кітабында «нау» сөзіне қатысты былайша ашып көрсетеді: «Ал айдың тоғыс (аял) жұлдыздарының туғаны мен батқанын нау деп атайды. Демек, нау туралы дау туады. Ол дау – астрономдар, есепшілер арасында атам замандардан бері бітпей келе жатқан дау. Сондықтан «нау құрымай, дау құрымас» деген.
Лингвистикалық «Амал»
«Амал» – жұлдыздық күнтізбеге қатысты рәсім және ол Наурыз мейрамының ажырамас бөлігіне ертеден-ақ айналған. Бірақ «амал» немесе «көрісу» мерекенің атауы ретінде этнографияда қалыптасқан емес. Бұл сөздер атау ретінде Наурыз мерекесінің күнтізбесі 1988 жылдан бастап ауысып, 21-22 наурызға ығысқаннан өзекті бола бастады. Наурызды 14-нен бастап мерекелеу дәстүрге айналған жергілікті жұрт амалсыз «амалды» алға тартты. Тіпті «наурыз» парсыша, «амал» қазақша мереке атауы деген жасанды пайым пайда болды. Алайда осы «амалды» мерекелейтін өңірде «амалкөже» емес, «наурызкөже» аталатын мерекелік тағам бар екені ескерілмейді.
Ресей қазақтары «қамал», біздің елде «амал» дегенмен, бұл арапша жазбаларда «һамале», парсыда «хамәл» түрінде кезігеді. Бұны қазбалайтын болсақ, этимологиясы дейтүркілік һа/қа+мал сөз тіркесінен туған «қамал» сөзін індетеміз. Қа – маңдай, мал – қозы, тоқты. Ескілікте іріні емес, ұсақ малды «мал» атағаны кеше еді, содан орыс тілінде «малый/ая», «маленький» сөздері, ал қазақ тілінде «малта» сөзі бар. Ал «қа» сөзі «маңдай» екенін тіліміздегі қа+ыс/қас – маңдайдағы күйе, қа+бақ/қабақ – маңдайды бағушы деген этимологиясын мағынасы бұлдыр болса да бүгінгі сөздер дәйектеп тұр. Тіпті, хандардың ханы да қа+қан/қаған аталды: «маңдай хан» немесе «хандардың ханы», «төбе хан» («төбе би» ұғымы кешеге дейін болды емес пе? Дешті қыпшақтың басты билік ошағы саналатын Кавказ, Еділ-Жайық маңында Амалдың «қамал» аталуы осыдан. Сайып келгенде, амал/қамал ұғымдары ежелгі астрономиялық танымнан болатын. Тоқты шоқжұлдызының бас жағында орналасқан жұлдыз атауы болатын. Бұл таным кешегі кеңестік дәуірден кейін бұрмаланды, басқаша интерпретацияға ұшырады.
Әдебиеттегі «Амал»
Абай Құнанбайұлы өзінің әйгілі «Жазғытұры» өлеңінде амал мен көрісуге қатысты былай дейді:
Қырдағы ел ойдағы елмен араласып,
Күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып.
Шаруа қуған жастардың
мойыны босап,
Сыбырласып, сырласып,
мауқын басып.
Көрісуге қатысты Ахмет Байтұрсынұлы да қалам тартқан:
Келгенінше құттықтап бірін-бірі,
Қуанышта көрісіп кәрі-жасы.
Көңілі түгел адамның сен келген соң,
Самарқанның елжіреп түскен тасы.
Тарихтағы «Амал»
Тарихи жазбаларды еске алсақ, амалға қатысты алдымыздан молынан деректер жолығады. Шәкәрімұлы Ақат өзінің Наурыз туралы естелігінде: «Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март (жаңашы – 14 март), қазақша — Жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні», дейді.
Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы 20 томдық жинағының 8-томында сегіз күндік Наурыз мерекесіне куә болғанын жазады. «Орысқа қарамай тұрған күнінде қазақтың наурыздамасында болған той, мереке қызығы Бұхар мен Қоқанда да болмаған! Қайда атақты, асқан бай бар болса, наурыздаманы сол байға қылдырады екен. Үйсін Төле билердің заманында наурыздаманың қадыр-құны астан, тойдан ілгері болған екен» дейді.
Ғұрыптағы «Амал»
Көрісу – мереке емес, ғұрып. Бұл ғұрыптың тарихы өте ежелгі дәуірден басталады. Көрісу тек қана Наурыз мейрамына қатысты емес. Ай жаңарғанда да, жыл жаңарғанда да түркілердің осылайша көрісу ғұрпымен бірін-бірі құттықтауы ертеден келе жатыр. Аңырақай жотасындағы Таңбалытастағы бір-біріне құшақтарын жайған құдыреттердің сұлбасына қарағанда оны да көрісу ғұрпының ежелгі нұсқасы ретінде мойындауға тура келеді.
Бұл ғұрыптың тарихы тым әріде. Наурыз айы туғанда, Күн Тоқты (ежелгі түркіше – Қозы/қоды, М.Қашқари) шоқжұлдызындағы қозғалмайтын амал/қамал жұлдызына беттеп, «көріседі». Қазақтардың көрісу дәстүрінің астрономиялық мәні осында жатыр. Өйткені дәстүрдің түбінде мифологиялық негіз болады да, халық соны дәстүр етіп сіңіріп, оны әдеп пен тәрбие көзі етеді. Сондықтан Көрісу салтының негізі аспандық үдерісте болса, екінші жағы далалық өмір үлгісінен туындайды.
ХІІІ ғасырда құрылған Дели сұлтанатында мұсылмандық айдың жаңару кезіндегі басты ғұрып көрісу болған. Жұрт қуанысып, бір-бірімен үш рет төс қағыстырады, сұлтан оларға қазынасынан алтын-күмістен шашу шашады.
1736 жылы Әбілқайыр ханның ордасында болып, бірнеше сурет жидасын салып, тарихымызға елеулі үлес қалдырған ағылшынның суретшісі Дж.Кестел көрісу ғұрпын бейнелеген: екі ер кісі қолдарын алған күйі арнайы рәсімдік қимылмен көрісуде, олардың артында тізе бүккен әйел қос қолын бүгілген тізеге салып сәлем етуде.
Ұлы іс
Қазақ халқы Наурыз мерекесін «ұлы іс» атаған, «Ұлы істің ұлы күні» тіркесі осыған айғақ. Мұндағы «ұлы іс» тіркесі кейін бірігіп «ұлыс» сөзіне айналып кеткен. «Наурыз» бен «Ұлыстың ұлы күні – ұлыс күн» атаулары бір бірімен синоним ретінде қолданылған. «Ұлыстың ұлы күні» деген бүкіл ұлыстың тойлайтын мерекесі деген ұғым емес, «Ұлы істің ұлы күні» – күн мен түннің теңесуін «ұлы іске» меңзеп тұр, әйтпесе ұлыстың басқа да жаппай тойлайтын кездері аз болмаған.
Ш.Құдайбердіұлы мен М.Көпейұлының жазуынша, наурыз мейрамы бұрынырақта «Ұлыс» аталған. Шәкәрімұлы Ахат та өз естелігінде «Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс», дейді. Бұған А.Сейдімбектің «Ұлыс таңы атып қалды, бар елге хабар бер!» деп, шабына шыбық жүгіртіп, сауырға бір салып қоя береді» деген баянындағы «ұлыс таң» тіркесі «Ұлы іс таңы» екендігі өзінен өзі сұранып тұр. «Ұлы іс таңы» тіркесі наурызда қарсы алынатын «бас таңды» меңзеп тұр. Қазақтағы «Ісің оң болсын!» деген тілек ұлыстың оң-терісі емес, істің оң-терісі болатынын байқатады. Демек, «Ұлыс оң болсын» емес, «Ұлы іс оң болсын!» деген тілек дұрыс.
Қысқасы, Наурыз мейрамының екі сипаты бар: ежелден табиғи астрономиялық күн-түн арбасуына қатысты Наурыз мерекесі мен көктеммен бірге келетін мүшелдік жыл басының біріккен нұсқасы. Бұл қос құбылысты халқымыз әуелден 8-9 күн бойы біріктіріп мейрамдаған. Түркілік жыл басының бөлек датасы мәні соңғы ғасырда көзден таса болған.
Ежелгі түркілік ғарыштың кемелдік сипаты үш принциптің жеті еселенуімен анықталады: жеті дәм (наурызкөже), жеті өң (алуан бояулы құрақ көрпе), жеті үн (жетіген, жеті қоңыраулы дауылпаз немесе жеті адамның хоры).