Таразда жаңа көпірдің құрылысы басталды
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы Абай даңғылы бойында теміржол үстінен өтетін жаңа көпірдің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Бұл көпір тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін салынуда. Жол өткелінің ұзындығы 0,946 шақырымды құрайды және оны «Қазақдорстрой» ЖШС салады. Мердігер компания барлық сапа стандарттарын сақтай отырып, озық инженерлік технологияларды қолданатын болады. Көпір екі жеделсатымен жабдықталып, аумақты абаттандыру, жарықтандыру, бағдаршам орнату жұмыстары жүргізіледі.
Жаңа көпір қала орталығын теміржол желісінің арғы жағында орналасқан тұрғын аймақпен байланыстырып, көлік қозғалысын жеңілдетеді. Бұл инфрақұрылымдық жоба Тараздың көлік-логистикалық жүйесін жетілдіруге, көлік қозғалысының тиімділігін арттыруға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Тараз қаласы кеңейіп, оған Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен қосылды, бұл көлік ағынының артуына себеп болуда.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасы бойынша көптеген маңызды жобалар жүзеге асырылып, өңірлердің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Жаңа көпір екі әкімшілік аудан арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, көлік-логистика саласының дамуына оң әсерін тигізеді.
Облыс орталығында тағы бір маңызды жобаның құрылысы жоспарлануда. Ол — Абай даңғылы мен Сыпатай батыр көшесінің қиылысынан Жамбыл даңғылына дейін созылатын жол өткелінің құрылысы. Бұл жобалар аймақтағы көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етеді.
Салтанатты іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев және «BI GROUP» директорлар кеңесінің мүшесі Бауыржан Исабаев қатысты.