Асқақ ұстап жүреміз біз атыңды

0 5

Биыл Желтоқсан көтерілісінің батыры, Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің туғанына 59 жыл толып отыр. Осыған орай, Бірлік ауылында батырдың рухына тағзым ету мақсатында бірқатар тағылымды іс-шара өтті.

Іс-шаралар аудан бас­шылығы, ұстаздар, оқушылар және ауыл тұрғындарының қатысуымен Бірлік ауылындағы Қайрат Рысқұлбеков ес­керткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Батыр рухына Құран бағышталды. Аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Төлеулиев сөз сөйлеп, Желтоқсан көтерілісінің тарихи маңызы мен Қайрат Рысқұлбековтің ерлігіне тоқталды.

– Қайраттың батылдығы мен ерлігі – ұрпаққа үлгі. Оның тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық ісі ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі іс-шара – жастардың бойында отансүйгіштік пен патриоттық сезімді қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам, – деді Мейірхан Төлеулиев.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейін іс-шара Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектепте жалғасын тапты. Мектеп оқушылары әдеби-танымдық кеш ұйымдастырып, бастауыш сынып­тарда патриоттық тәрбие сағаттары өтті.

Аудан басшылығы мен қонақтар мектептегі Қайрат Рысқұлбековке арналған мұражайды аралап, батырдың өмірі мен Желтоқсан көтерілісіндегі ерлігіне қатысты құнды деректермен танысты. Мұражайда Қайрат­тың студенттік жылдары, Желтоқсан көтерілісіндегі батырлық жолы және оған қатысты архивтік материалдар қойылған.

– Қайрат Рысқұлбеков – нағыз батыр. Оның тәуелсіздік жолындағы ерлігі әрдайым жүрегімізде сақталады. Бүгінгі іс-шара бізді рухтандырып, тарихымызды тереңірек тануға жетелейді, – дейді Қайрат Рысқұлбеков атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Әсел Ернарқызы.

Бұл тағылымды іс-шара – еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен қаһар­мандардың ерлігін ұлықтау және олардың есімін мәңгі есте сақтау жолындағы игі бастамалардың бірі. Қайрат Рысқұлбеков­тің ерлігі – ел жадында мәңгілік сақталатын рухани құндылық.