Аналарға құрмет көрсетілді

0 1

Наурызнаманың онкүндігі аясында өңірде мәдени-көпшіліктік бағдарламалармен қатар, тәрбиелік тағылымы мол түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Наурызнаманың үшінші — «Шаңырақ күні» облысымыздың түкпір-түкпірінде отбасы құндылығын нығайтуға бағытталған жиындар, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін көрмелер, дәстүрлі өнер сайыстары ұйымдастырылды.

Сондай іс-шаралардың бірі перзентханада әдемі көрініс тапты. Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов  облыстық перинаталдық орталыққа арнайы атбасын бұрып, мерекеде аяқ-қолын бауырына алған он сәбидің анасын құттықтап, сый-құрмет көрсетті.

Серік Жақсылықұлы ел демографиясының өсуіне үлес қосып, бала тәрбиесіне аса үлкен жауапкершілік танытқан аналарға алғысын айтып, мерекелік гүл шоқтары мен жаңа туған нәрестеге қажетті заттарды табыстады.

Облыстық перинаталдық орталықтың неонатология бойынша бас дәрігерінің орынбасары Талғат Толықбаевтың айтуынша, орталықта күн сайын 20-30 сәби дүние есігін ашады. Мұнда акушерлік, гинекология, неонатология және жаңа туған нәрестелер хирургиясы салаларында жоғары технологиялық мамандандырылған медициналық көмек көрсетілетіндігін айта келе, «Шаңырақ күні» сағат 11:00-ге дейін төрт сәби – екі ұл мен екі қыз дүниеге келгендігін жеткізді.

Сәбилердің өмірге алғашқы қадамдары жарқын дәстүрмен үндесіп, отбасы құндылықтарының мызғымас негізін тағы бір мәрте айшықтай түсті. Жалпы, Наурыз мерекесінің жаңа тұжырымдамасы аясында «Шаңырақ күні» отбасылық құндылықтар мен кіршіксіз махаббат күніне айналды десек болады.