Әке жолы – ізгі жол

0 2

Тараз қаласында қалалық білім бөлімі мен Әлихан Бөкейханов атындағы №1 гимназияның ұйымдастыруымен «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Әке жолы – ізгі жол» атты қалалық әкелер форумы өткізілді. Бұл іс-шараға қала мектептерінен 78 әкелер кеңесінің төрағасы мен 28 директордың орынбасары қатысты.

Форумның негізгі мақсаты – әкелердің бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру, ұрпақ сабақтастығын қамтамасыз ету, сондай-ақ әкенің қоғамдағы мәртебесін нығайту. Педагогтар мен сарапшылар бала тәрбиесінде әкелердің орны ерекше екенін көрсетіп, ұрпақ тәрбиесінің қоғамның басты құндылығы екендігін атап өтті.

Форум «Бала тәрбиесі – басты құндылық!» тақырыбындағы сахналық қойылыммен ашылды. Онда жұмысбасты әкенің бала тәрбиесіне көңіл бөле алмауының салдарынан ұлының ойынқұмарлыққа әуестеніп, соңында суицидке баруы баяндалды. Бұл қойылым әкелерге бала тәрбиесінің қаншалықты маңызды екенін жеткізу мақсатында көрсетілді.

Іс-шара барысында Тараз қаласы білім бөлімінің бас маманы Қайрат Үкібасов сөз сөйлеп, одан кейін облыс ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған әкелер кеңесінің төрағасы Сәрсенбай Мыңбаев «Отбасы құндылығы – маңызды мәселе», Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің облыс бойынша өкілі Еркін Қуанышев «ҚР Адам құқықтары – бала құқығы!» тақырыптарында баяндамалар жасады. Сонымен қатар, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы Бақыт Әлмұратов «Қазіргі заман отбасында тұлға қалыптасуында әлеуметтену процесінің орны» туралы ойларын ортаға салды.

Форум барысында психолог мамандар әкелермен психологиялық тренингтер өткізіп, бала тәрбиесіне қатысты кеңестер берді. Кездесу соңында әкелер өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарына жауап алды.

Құрметті қонақтар арасында М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің профессоры Сейсекүл Исматова мен «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директорының орынбасары Алпамыс Қазыбаев әкенің отбасындағы және қоғамдағы рөлі туралы ойларын айтып, форумды қорытындылады.

Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан азаматтар Алғысхаттармен және Құрмет грамоталарымен марапатталды.