Жеңімпаз жас дарындарға құрмет көрсетті
Жамбыл ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Зәуре Әбдірәсілова Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырған, биыл Ақмола облысындағы Щучинск қаласында өткен ХХ «Зерде» республикалық зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстар конкурсының қорытынды кезеңінде топ жарған жамбылдық оқушыларды арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті.
Балалардың зерттеу дағдыларын қалыптастырып, интеллектуалдық-шығармашылық әлеуетін арттыруға бағытталған 2-7-сынып оқушылары арасында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын білім бәйгесіне облысымыздан қатысқан 28 оқушының 24-і жүлделі орын иеленіп, абыройымызды асқақтатты. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарында Жамбыл ауданының да дарынды жастары бар. Олар білім додасында жоғары нәтиже көрсетіп, үлкен жетістікке қол жеткізді. Атап өтер болсақ, Гродеково орта мектебінің 4-сынып оқушысы Айару Хайдарбек (жетекшісі – Роза Суанбекова) пен Баймырза Бесбаев атындағы мектеп-гимназияның 5-сынып оқушысы Ұлжан Сағындықтың (жетекшісі – Гулина Элгонова) зерттеу жұмыстары үздік деп танылып, жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, Бейсенбек Тайшапұлы атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Рауан Темірхан (жетекшісі – Зүкира Молдақұлова) және Амангелді атындағы орта мектептің 4-сынып оқушысы Нұрболсын Бейбітжан (жетекшісі – Айман Шоңмырзаева) жүлделі ІІ орынды иеленді. Ал, «Нұр Әлім» балабақша-мектеп гимназиясының 3-сынып оқушысы Кәусар Бахыт (жетекшісі – Гүлжазира Сапарбекова) ерекше қабілетімен көзге түсіп, арнайы грамота иегері атанды. Зияткерлік жарыста топ жарған оқушылардың жетістігі білім саласындағы сапалы еңбектің, табанды ізденістің жемісі.
Кездесу барысында жас зерттеушілер өз жобалары туралы әңгімелеп, жарысқа дайындық кезеңінде жинаған тәжірибелерімен бөлісті. Өз сөзінде Зәуре Садуақасқызы оқушыларға сәттілік тілеп, олардың табандылығы мен ғылымға деген қызығушылығын жоғары бағалады.
– Бұл жетістік – білім мен еңбектің, ізденіс пен табандылықтың нәтижесі. Біздің жас зерттеушілеріміз тек ауданымыздың ғана емес, облысымыздың намысын қорғап, республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсетті. Ғылымға деген қызығушылықтарыңыз ешқашан сөнбесін, жаңа идеялар мен тың зерттеулерге ұмтыла беріңіздер. Жеңімпаздарымыздың жетістіктері толастамасын. Болашақта үлкен белестерден көріне берулеріңізге тілектеспін! – деді Зәуре Әбдірәсілова.
Сондай-ақ оқушылардың үлкен жетістіктерге жетуіне үлес қосқан ұстаздарға да ерекше құрмет көрсетілді. Зәуре Садуақасқызы шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, білім мен ғылымға деген қызығушылықтарын арттыруда аянбай еңбек етіп келе жатқан Роза Суанбекова, Зүкира Молдақұлова, Гүлжазира Сапарбекова, Айман Шоңмырзаева және Гулина Элгоноваға арнайы Алғысхаттар табыстады. Бұл марапат – ұстаздардың шәкірт тәрбиелеудегі еселі еңбегі мен жас ізденімпаздарға берген білімі мен тәлімінің айқын көрінісі.
Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген сөзі бар. Шын мәнінде, адам бойындағы осы үш қасиеттің бір арнада тоғысып, үлкен әлеуметтік күшке айналуы – білім мен ғылымның арқасы. ХХІ ғасыр – білімді ұрпақтың дәуірі. Бүгінгі жас жеткіншектердің ғылымға деген ұмтылысы мен ізденісі – олардың болашағына деген нық сенімнің көрінісі.