Әлемнің жарығын сыйладың

0 1

Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Меркі аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәдениет үйінде «Әлемнің жарығын сыйладың» тақырыбында мерекелік іс-шара  өтті. Оған аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, зиялы қауым өкілдері, білім бөлімінің қызметкерлері, мектеп ұстаздары, аналар кеңесінің мүшелері мен ардақты аналар қатысты.

Кеш аясында алдымен қонақтарға жергілікті қолөнер шеберлері мен оқушылардың жасаған зергерлік әшекей бұйымдары, қолдан тоқылған кестелер мен ұлттық нақыштағы бұйымдар қойылған көрме ұсынылды. Ауданның жас өнерпаздарының шығармашылығы мен шеберлігі паш етілген көрмені қатысушылар ықыласпен тамашалады.

Мерекелік кештің шымылдығы «Меркі әуендері» ансамблінің әсем күйімен ашылып, жиналған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Аудан өнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, жанды дауыста әсем әндер шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, аудан мектептерінің оқушылары аналарға арналған өлеңдерін оқып, әсем билерін билеп, іс-шараның шырайын кіргізді. Әсем ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би мен өлең шумақтары үйлесім тапқан мерекелік бағдарлама көпшілікке ерекше әсер қалдырды.

Салтанатты іс-шарада аудан әкімі Ербол Жиенқұлов құттықтау сөз сөйлеп, аналардың қоғамдағы маңызды рөліне ерекше тоқталды.

– Халқымызда «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген ұлағатты сөз бар. Шынында да, қыз-келіншектер тек отбасының ғана емес, қоғамның да берік тірегі. Қазіргі таңда әйел азаматтар экономика, білім мен мәдениет, саясат пен кәсіпкерлік, өнер мен спорт сияқты түрлі салаларда табысты еңбек етіп, еліміздің дамуына ықпал етуде. Қоғамның әр саласында белсенділік танытып, ұрпақ тәрбиесіне, елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген сіздерге шынайы алғысымызды білдіреміз, – деп жүрекжарды лебізін жеткізді аудан басшысы.

Мерекеге орай бірқатар нәзік жандылар облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, «Меркі ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен және аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Кеш соңында барлық аналарға арнайы сыйлықтар мен гүл шоқтары табыс етілді. Бұл сәт аналарға деген құрмет пен алғыстың жарқын көрінісі болып, жиналған қауымға ерекше жылулық пен қуаныш сыйлады.