Халықтың өзекті мәселелерін шешуге басымдық берілуі керек

0 1

Тараз қаласын аралаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жаңа Жібек жолы ауданындағы бірнеше маңызды нысанның жағдайымен танысты. Әкімнің алғашқы аялдамасы Сұлутөр тұрғын алқабында болды. Онда ұзындығы 1150 шақырымды құрайтын Қарой көшесі орналасқан. Бұл көше биылғы жылға дейін шағал тас төселген күйде қалып келді. 2026 жылы оған орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, биылғы жылы қала бойынша 41 жоба іске асырылатын болады. Оның ішінде көше жөндеу, ағымдағы және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ қайта жаңғырту шаралары қарастырылған. Байзақ және Жамбыл аудандарынан қосылған елді мекендердің көшелері қала теңгеріміне алынғаннан кейін, жол жөндеу жұмыстары да басталмақ.

Келесі кезекте облыс әкімі Ә. Әйтиев атындағы орта мектепке барып, білім ордасының жағдайымен танысты. 1922 жылы бастауыш мектеп болып ашылған бұл оқу орны 1983 жылы 1200 орынды орта мектеп ретінде қайта пайдалануға берілген. Қазіргі таңда мектепте 1040 бала білім алады. Ербол Қарашөкеев келесі жылы мектептің электр және кәріз жүйелерін ауыстыру, сондай-ақ спорт алаңшасын жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр.

Әкім одан әрі Жібек жолы ауданы әкімдігінің ғимаратында болды, мұнда ол Жалпақтөбе тұрғын алқабындағы 180 орынды мәдениет үйі мен 100 келушіге арналған емхананың жағдайын тексерді. Сонымен қатар, Әулиеата ауданының Қызыл жұлдыз тұрғын алқабындағы мәдениет үйі, Н. Ақшабаев атындағы орта мектеп және өткен жылы ашылған дәрігерлік амбулаторияны аралап, олардың жұмысын бағалады.

Облыс әкімі тұрғындар сапалы қызмет алуы үшін барлық қажетті нысандарды бір жерде шоғырландыру керектігін атап өтіп, Тараз қаласы әкіміне бұл бағыттағы ұйымдастыру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сонымен қатар, бюджет мүмкіндіктеріне қарай, халықтың өзекті мәселелерін шешуге басымдық берілуі керек екенін айтты.

Аралау қорытындысында Ербол Қарашөкеев көшелерді жарықтандыру, жол салу, қоғамдық көлік қатынасын реттеу, саябақтарды қалпына келтіру және қала аумағында тазалық сақтау бойынша жұмыстарды жүйелеп, жоспарланған жобалардың сапалы әрі уақытында жүзеге асырылуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.