Батаменен ел көгерер

0 4

«Батаменен ел көгерер» деген атпен Мойынқұм аудандық батагөй қариялар байқауы өтті. Байқауға халқымыздың қасиетті салтын қастерлеп жүрген үш қария қатысты. Олар — құм­өзектік Қоштай Ердосов, қылышбайлық Бодау Жүндібаев, мойынқұмдық Ізбасар Нарбаев.

Төрт кезең бойынша өрбіген іс-шара мәнді де мағыналы түрде өз мәресіне жетті. Алдымен, қариялар өзінің өткерген өмір жолын қысқаша түрде баяндап, жеткен жетістіктеріне тоқталды. Талай жыл орман шаруашылығы саласында тер төккен қылышбайлық Бодау атамыз өз таныстыруын өлең жол­дарымен өрбітіп, тыңдарманның жүрегін тебірентті.

Ақтық кезеңде ақсақалдарға бес минут уақыт берілді. Осы уақытта қазыналы қарттарымыз батаның түр-түрін ақ жауынша жаудырды. Балаға берілетін бата, жолаушыға, тіпті ауылға арналған баталар да кездесті.

Үш қарияның батагөйлік шеберлігін төрт кезең бойы жіті бақылап отырған қазылар алқасы қылышбайлық Бодау Жүндібаевты жеңімпаз деп таныды. Қарияларға бағалы сыйлықтар берілді.

«Батагөй қариялар байқауы ауданда жыл сайын өткізіліп келеді. Алдағы уақытта мұндай іс-шараларды жылына екі рет өткізіп тұруға толық мүмкіншілігіміз бар. Келесі жолы халық бүгінгіден де көптеп қатысады деп ойлаймын. Бата бергенде бес-алты бетті жаттап алу міндетті емес, бастысы жүйелі әрі шын жүректен шықса болды», — дейді тағылымды іс-шараның өтуіне мұрындық бол­ғандардың бірі — аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұманазар Көдеков.

Бата кемел ойдан туындап, өмірлік тәжірибе тезінен қорытылған, мазмұнды әрі көркем тілмен кестеленіп өз ұйқасымен адам зердесіне құйылса ғана діттеген мақсатына жетері хақ. «Ауылыңда қария болса, жазулы тұрған хатпен тең» демей ме?! Ендеше баталарыңызбен бұқараның көсегесін көгертіп, ортамызда аман сау жүре беріңіздер!