Бала тәрбиесіндегі отбасы рөлін талқылады
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанынан құрылған Әйелдер қанатының кеңейтілген отырысы өткізілді. Оған аудандар мен Тараз қаласындағы Әйелдер қанатының үйлестірушілері, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері қатысып, саясаттағы әйелдердің рөлі, отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету және әйелдердің құқықтарын нығайтуға бағытталған негізгі жобалар мен бастамалар туралы ой бөлісті.
Отырыс барысында қатысушылар атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып, өзекті мәселелерді талқылап, болашаққа жоспарлар құрды. Әсіресе, әйел кәсіпкерлерді қолдау, жас көшбасшыларға арналған оқыту курстарын ұйымдастыру, әйелдердің партиялық жобаларды дамытуға атсалысуы мәселелеріне назар аударылды.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясы өңірлік Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен Шу ауданында «Отбасы ұлттың тірегі» тақырыбында аймақтық конференция өтті. Іс-шараға Шу, Мойынқұм, Қордай, Меркі аудандарының Әйелдер қанатының аудандық үйлестірушілері, бастауыш партия ұйымдарының әйел басшылары, Аналар кеңесінің жетекшілері, ата-аналар және мектептердегі тәрбие жұмысымен айналысатын мамандар қатысты.
Конференцияны өңірлік Әйелдер қанатының басшысы Айман Әшімова ашып, жеке тұлғаны қалыптастырудағы отбасы тәрбиесі мен отбасылық құндылықтардың рөліне тоқталып, Әйелдер қанатының бұл бағыттағы жұмысы мен жобалары туралы айтып өтті.
Спикерлер — ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының аға оқытушысы Т.Орынтай, облыстық ата-аналар кеңесінің төрағасы Р.Нұрақбай, Мойынқұм және Шу аудандық аналар кеңесінің төрағалары Ғ.Шубаева мен А. Иманова, Қордай ауданы білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрайымы Қ.Қыпшақбаева, Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры К.Рақаева отбасы құндылықтарының қоғамдағы айрықша рөлі мен оны халыққа насихаттауға қатысты ойларымен бөлісті.