«Бұталы терекке бұтақтап қонған» әулет

0 4

Кеңес ауылындағы Байдәулет ұрпақтарын расында да «Бұталы терекке бұтақтап қонған» әулет деп айтуға әбден болады. Өйткені, Жаңыл апай ауылдағы алтын құрсақты аналар легін бастап тұр. Марқұм он құрсақ көтеріпті. Отағасының атағынан да ат үркеді. Байдәулет кәриені ел «Оңтүстік Қазақстан мериносы қойларының авторы» деп таниды. Сондықтан болар, Үкімет оның еңбегін жоғары бағалап, «Қазақстанға еңбегі сіңген Ауылшаруашылығы қызметкері» деген атақ беріпті. Бүгінде Кеңестегі көшелердің бірі марқұм Байдәулет ақсақалдың атымен аталады.

Осындай атағы алысқа кеткен әулеттегі қыздың үлкені Бақыт болса, ұлдың ұлығы біз әңгімемізге арқау еткелі отырған Бауыржан. Қазір осы «қарашаңыраққа» бас ие болып отыр. Жасы жетпістің төртеуіне келсе де әлі тың. «Батаменен ел көгерер» атты облыстық байқауда «Шешен қария» атанған аузы дуалы ақсақал. Өзі көп те сөйлемейді, сөйлесе ауылдың үлкен-кішісі түгел соның аузына қарайды.

Біз Баукеңнің Кеңестегі екі қабатты шатыр тамына келгенімізде ол ауылдағы ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде соның тірлігімен көше аралап кетіпті. Есесіне біз Баукеңнің бәйбішесі Рыскүлді әңгімемізге тартып, енесі Жаңылдан өрбіген ұрпақтың бүгінгі тыныс-тіршілігін тілге тиек етуін сұрадық. «Абысын тату болса ас көп» атты аудандық байқауда бас жүлдені жеңіп алған, 40 жыл бойы осы ауылда медбике болған Рыскүл Тотайқызы әңгімесін асықпай отырып сабақтады.

– Енемнен естігенімді айтайын, «Соғыстан кейінгі жылдар емес пе сиырды да, қойды да қолмен сауып, арпа-бидайды қолмен үгітіп, осы дәнді тас диірменге қолмен тартып, үйдің отынан кіріп, күлінен шығатынбыз», деп отырушы еді. Үлкен қызы Бақыт пен ме­нің жолдасым Бауыржан ел күйзеліп жатқан кәдімгі «қоян жұтында» дүниеге келіпті. «Сонда жас шақалаққа аузына тамызатын ақ таппадық қой», деп отырушы еді енем байқұс. Қызы Сәуле де сол таршылық заманның тауқыметін көріп өсіпті. Ол қазір білдей кәсіпкер. Балаларының бәрі де сыртта. Қыздар өрісін тауып, ұлдар қонысын тауып, сонау шалғай шетелде жүр.

Олардың бәрі өмірден өз орнын тапты. Ердана қайным қазір зейнетте, сонау Америкада. Мәскеу мемлекеттік университетін бітіріп, Алматыда «Әлем-Систем» компаниясында жұмыс істеп, кейін дипломат болып АҚШ-қа кетті. Қазір сонда отбасымен бірге тұрып жатыр. Баукеңнің бауырларының бәрі оқы­ған. Жасұлан деген қайным — шахтер. Ал, қайын сіңілім Гүлбара — кәсіпкер. Ғалым да Америкада. Мирбек — саудада, Данара болса — мұғалім. Міне, біздің әулет әлемнің әр түкпірінде жүр, – деді Рыскүл.

– Сонда өзіңнің балаларың да шетелде ме?

– Е…е…бәрі даланы тастап, қалаға кете берсе, ауылдағы шаруаны кім істейді. Төрт ұлым бар, екеуі — қалада, екеуі — ауылда. Үлкенім Миржан отбасымен ауылда тұрады. Ортаншым Ернар қолымызда. Қожалықтың шаруасы түгел соның мойнында. Оның Жандәулет деген ұлы 11-сыныпта оқиды. Ол да бізге қолқанат. Оның ізін басып өсіп келе жатқан төрт немерем бар. Жандәулет, Ғалинұр, Нұрмахамбет бәрі көкпаршы. Келінім Айдын ауыл мектебінде тарих пәнінен сабақ береді. Алматыда тұратын Марлен деген ұлымның үш қыз, бір ұлы бар. Өзі кәсіпкер, Индира келін де қызметте. Кенжем Ғайнұр Астанадағы Қонаев атындағы Заң институтын бітірген. Гүлжан келінім — ұстаз. Олардың екі баласы бар. Демалысқа шықса болды он төрт немерем мен төрт шөберем Бауыржан екеуміздің мойнымызға асылып, бір жадырап қаламыз. Үйде тірлік бастан асады, қалғанын отағасы өзі айта жатар, – деп Рыскүл келіні екеуі ас қамына кірісіп кетті.

Біздің әңгімеміздің соңын күткендей есіктен жымия күліп Баукең кіріп келе жатты. Ардагерлердің жүгін көтерген құрдасым үйінде қос-қостан көлік тұрса да көшені жаяу аралап келіпті. Кеңес ауылдық округінде 80-ге жуық ардагер бар. Олардың арасында жасы 86-87-ні алқымдап қалған Шөңке, Айдархан, Қуанышбек сынды шау тартқан кәриелер де бар екен. Ал, жасы Бауыржанның өзімен құралыптас ауылдың биі Тоқтарбай Рысқұлов әлі де ат үстінде, өзімен бірге ел аралап келіпті. Бауыржан да билер кеңесінің оқуын бітірген, енді екеуі соғыс және еңбек ардагерлерінің есімі жазылған ескерткіш тақтаны орнатуды қолға алыпты. Бұл әрине қоғамдық жұмыс қой. Ал, Бауыржан Байдәулетовтың үйінде де шаруасы бастан асады. Өзі осы елді мекенде 38 жыл табан аудармастан мал дәрігері болыпты. Сиырдың сырқатын, жылқының тұрпатын жақсы білетін болған соң, кейін зейнетке шыққан кезде де ауыл тұрғындары оны қорасына шақырып, қойын көрсетіп, есігіне шақырып ешкісін емдетуден бір жалықпайтын. Баукең «Қазақстан» колхозы тарамай тұрғанда бас мал дәрігері де, жылқы, түйе пермесі де болыпты.

– Сонау жетпісінші жылдары колхоз­дағы уақ малдың өзі 60 мыңға, ірі қара 2500 басқа жеткен кездер болған. Сонда сиыр малының өзін екі табынға бөліп: бойдақ, сауын фермасы етіп бағып едік. Сауынға 700-дей мүйізді ірі қара келетін. Үш жасқа дейінгі тайыншаларды «Бесқоға» құмына жіберіп семіртіп, етке өткізетінбіз. Осы малды Жәдік Абиров бағатын. Колхозды Қозыкен Көкталов, кейін Әліпбай Беріков басқарды. Шаруашылық сол кезде 200 доңыз бен 4000 тауық та ұстады. Несін айтасыз, колхозымыз «миллионер» колхоз болды ғой. Малымыз жер-көкке сыймайтын, жазда «Сусамырға» «Қорымдыға», қыста құмдағы «Белсаз», «Жалаңқұдық» пен «Қарақобыға» мал айдайтынбыз. Жылқышыларымыздың да еңбегі ерен еді-ау, Жәңгір Жармаханбетов, Байтұрсын Нұраханов, Сатылған Сүгіров, Кәден Кәдірқұлов, Әбдіхалық Тайжановтар 800-ден аса жылқыны жабылып бақты. Сонда шіркіндер жар құлағы жастыққа тимей желдің өтінде, аптаптың астында жүрсе де «аздым-тоздым» демепті-ау. Сауыншы-бақташылар да қолдары күс-күс, еріндері суыққа жарылып әбіржіп жүрсе де қиындыққа қыңбады-ау. Сауыншылар Сейсекүл Райымханова, Нұрбала Рысқұлова, Жәудіркүл Алтынбекова, Мәкен Әбдірайылова, бақташылар Күнтубай Ахметов, Тоқтарбай Рысқұлов, Өкен Рахымбаев, тағы басқалары уақытпен санаспай еңбек етті ғой…

– Қазір ғой колхоз жоқ, мүліктің бәрі жекеменшіктің қолында. Оған не дейсіз?

– Оның рас, қазір нарық заманы болды ғой, былайша айтқанда «бай-байға, сай-сайға» құятын заман келді. Мен де сол 2001 жылы «Байдәулет» шаруа қожалығын ашқанмын. Алғашқы кезде бәрі қол күшіне тәуелді еді. Бертінде техника келіп, балалардың қолы ауыр еңбектен аз да болса босады. Қазір Құдайға шүкір, үш «Беларусь» тракторымыз, екі астық комбайнымыз, көптеген ауылшаруашылығы құрал-саймандарымыз бар. Ең соңғы алған тракторымыздың құнының өзі 27 миллион теңге болатын, «Казагрофинанстағы» несиемізден де құтылып қойдық. Екі мың тоннадай жоңышқа, арпа мен бидай сабанын жинап алдық. Осы техника қазір сенімді қолда. Өзімнің ұлым Ернар жүргізеді бәрін. Маусымдық жұмыс кезінде үш механизатор алып еңбек етеді. Немерем Жандәулет те кез келген техниканы жүргізе береді. Оларға үлкен ұлым Миржан да қолғабыс тигізеді. Сондықтан болар, 25 гектар шабындықтың да, 80 гектар егістіктің де өнімі жерде қалмайды. Есесіне үйдегі бордақылауға қойылған мал да тоқ, жүйрік те жараулы. Енді осы көктемде құлындаған биелерді сауынға үйретсек деп отырмыз. Осының бәрін әулетімізбен жабылып істейміз. Бізге сырттың көмегінің керегі жоқ. Бәрін өз күшімізбен атқарып үйренгенбіз, – дейді Баукең.

Баукең атаққұмар адам емес. Бірақ, бір байқағаным оның омырауын атақты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының «Намыс» медалі көркейтіп тұрған сияқты. Сонымен бірге, аудан әкімінің Құрмет грамотасын оның елеусіз ғана бір бұрышта тұрған қобдишасынан көріп қалдым.

Қалай десеңіз де, Бауыржан Байдәулетовті «Алтын құрсақты анадан» туған арда ұл десе болғандай. Иә, кеңестіктер оның батасына зәру. Бір кезде ол ауыл биі еді, енді оны аудан да, облыс та шешен атап жүр. Өйткені, батагөй болу, бағыналы Ботбай, Құдайғұл, қала берді Әлім, Жаныс, Бәйтік жұртының қазыналы қариясы болу Байдәулет баласының басына қонған бағы шығар. Қалай десеңіз де қартайғанда ел-жұртыңа қадірлі болғанға не жетсін. Иә, қадір-қасиет ата-анадан десек, ол текті ұлдың ғана маңдайына жазылады екен. «Алып – анадан туады» дейді үлкендер. Ендеше, алтын құрсақты анадан туған Баукеңдей азаматымызға Алла ғұмыр берсін!