Таразда жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді

0 1

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілтін табыстап, олардың қуанышына ортақтасты.

– Мемлекеттің басым бағыттарының бірі – әлеуметтік осал топтағы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету. Бұл мәселе Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бүгін баспаналы болып отырған тұрғындардың қуанышына ортақтасып, әр шаңыраққа шаттық пен береке тілеймін, – деген Ербол Қарашөкеев тұрғындарға пәтер кілтімен бірге тұрмыстық техниканың сертификатын да табыс етті. Халықпен бірге үйлерді аралап, сапасын тексерді. Сонымен қатар, үйдің ауласына 20 түп ағаш отырғызылды.

«Ұлы дала» шағынауданында орналасқан №26 үйдің жалпы аумағы 9600 шаршы метрді құрайды. Екі бөлмелі 160 пәтерлі көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын «Aulet Stroy Taraz» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

Жаңа баспанаға 2012-2015 жылдары аралығында кезекке тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар, екінші топтағы мүгедектер, жетім балалар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген азаматтар қол жеткізді. Солардың бірі – көпбалалы ана Мөлдір Шадманова.

– «Өз үйім – өлең төсегім» демекші, көптен күткен қуанышымызға қол жеткіздік. Осы игі іске атсалысқан азаматтарға және мемлекетке алғысым шексіз. Барша баспанаға мұқтаж отбасылар осындай бақытқа кенелсін! – деп өз қуанышымен бөлісті ол.

Айта кетейік, 2024 жылы 1159 пәтерлі 26 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген болса, биыл 2390 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 4 миллиард 900 миллион теңгеге 361 пәтер сатып алу көзделген.