Қазақ аруларының рухани-мәдени келбеті

0 1

Тараз қаласындағы «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының ұйымдастыруымен қазақ қыздарының рухани және мәдени рөлін дәріптеуге арналған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты облыстық форум өтті. Бұл шара ұлттық құндылықтарды насихаттап, қыздардың жетістіктерін паш етуді мақсат етті.

Форум ерекше форматта ұйымдастырылды: қатысушылар қызыл кілеммен жүріп өтіп, ұлттық музыкамен көмкерілген әсерлі концерттік бағдарламаға куә болды. Сонымен қатар, еркін пікір алмасу алаңында түрлі салада табысқа жеткен әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар берді. Өнер саласындағы жетістіктерімен танымал, ҚР Мәдениет саласының үздігі, халықаралық ән байқауларының жеңімпазы, облыстық филармонияның әншісі Жанна Асанқұлова қазақ өнерінің бүгіні мен болашағы жайлы сөз қозғап, шығармашылық табысқа жетудің қыр-сырымен бөлісті. Ол орындаған халық әндері мен эстрадалық шығармалар көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Денсаулық сақтау саласында жоғары жетістікке жеткен акушер-гинеколог, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісінің иегері Ақерке Тоқбергенова қыздардың денсаулығы, аналық міндет және өз-өзіне күтім жасау жайлы құнды кеңестер берді. Ол жуырда жарық көрген «Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі асыл жар, аяулы ана» атты кітабында әйелдер денсаулығына қатысты маңызды мәселелерді көтергенін атап өтті.

– Әрбір бойжеткен – болашақ ана, отбасының ұйытқысы. Сол себепті, денсаулыққа мән беру, үздіксіз білім алу, өзін-өзі дамыту – әр қыздың басты мақсаты болуы тиіс. Әйел – өмірдің тірегі, ал мықты денсаулық – үлкен армандардың орындалуына кепіл. Сондықтан дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану, өзін-өзі күту әр арудың дағдысына айналуы керек, – деген ол Жапонияда біліктілігін арттырып келген білікті маман ретінде жас қыздарды өз болашағына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Ғылым саласында биік белестерді бағындырған PhD докторы, Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің «Жаратылыстану мамандықтары» кафедрасының меңгерушісі Әлия Омарова жастарды білімге, ғылымға ұмтылуға үндеді. Ал, Азия ойындарының чемпионы Гузалия Гафурова қазақ қыздарының тек нәзік ғана емес, сондай-ақ табанды әрі қайсар екенін атап өтті.

– Кез келген салада жетістікке жету үшін еңбек пен табандылық қажет. Спорттағы жеңіс – қажырлы еңбектің нәтижесі. Мен әрбір қазақ қызының өзіне сенімді, батыл, қайсар болғанын қалаймын. Физикалық белсенділік – мықты денсаулықтың кепілі. Сондықтан қыздарымыз спортты өмір салтына айналдырса екен, – деді спортшы.

Форум барысында қазақ қыздарының қоғамдағы орны, олардың кәсіби дамуы, отбасылық құндылықтар және денсаулық мәселелері кеңінен талқыланды. Спикерлер өз өмір жолындағы қиындықтар мен жетістіктерін бөлісіп, жастарға мотивация берді. Білім алу, ұлттық құндылықтарды сақтау, өзін-өзі дамыту, өмір сынақтарына қарсы тұру сияқты маңызды тақырыптар көтерілді.

Бұл форум қазақ қыздарының рухани және мәдени дамуына серпін беріп, болашаққа нық сеніммен қадам басуына шабыттандырған маңызды іс-шара болды.