Сурет өнерінің саңлағы
Қоғамда сан түрлі шығармашылық жұмыстар бар. Оның ішінде сурет өнерінің алатын орны ерекше. Бұл саланың шеберлері бір ғана еңбектері арқылы сұлу көріністерді көрсетіп бере алады. Тіршіліктің қарбалас, көңілсіз тұстары да қылқалам шеберлерінің көңілінен тыс қалмайды. Сондай көпшілікке танымал суретшінің бірі – Мұхамед-Омар Паншаев.
Жаратқанның тарту еткен қабілетінен бөлек, Паншаевтың жүрегі қалаған мамандық бойынша алған білімі жетерлік. Әуелі 1982 жылы М.И.Суриков атындағы Мәскеу мемлекеттік көркемсурет институтын бітірсе, 1988 жылы КСРО көркемсурет академиясының аспирантурасын шығармашылық кескіндеме шеберханасы бағыты бойынша тәмамдап шықты.
Мәскеу қаласында аталған жоғары оқу орнын бітірген жас маман туған жеріне оралып, сол кездегі Жамбыл педагогикалық институтында оқытушы болып еңбек жолын бастаған. Содан бері қырық жылдан астам уақыт шәкірттерге суреттің сырлары мен көркемөнердің қырларын үйретуден жалыққан емес.
Паншаев – негізінен суретші, шығармашылық адамы. Тіпті, алғашқы көркем туындыларын ол мектептің жоғары сыныптарында жүргенде салған. «Арба үстінде» деп аталатын шығармада бір отбасының жол үстінде арбамен келе жатқаны бейнеленген. Автор кең жазық далада келе жатқан арбаны кішірейтіп көрсеткен. Яғни, адамдар көз ұшында кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Бұл да сол кезде 17 жаста болған Паншаевтың өзгеше ойлауы. Шығармашылық жеке ізденісіне жарты ғасырдан асып кеткен. Жарты ғасыр сурет өнерінде тер төгу қаншалықты ыждағатты еңбек десеңізші!
Ол өз өмірін шығармашылықтан бөліп қарастыра алмайды. Ұстаздық ете жүріп, суретші ретінде өзін дамыту керектігін де ұмытпаған. 1983 жылы Қазақ КСР Суретшілер одағының мүшесі болып қабылданыпты. Осынау мүшелік билет суретшіге үлкен қуаныш пен шабыт сыйлап, жауапкершілігін арттыруға жетелеген.
Қазіргі таңда Паншаевтың көркемсурет саласында мыңға жуық сапалы еңбектері бар. Оның әрқайсысы терең мағына беруімен, адамдарды өзгеше ойлауға жетелеуімен ерекше. Сол шебер салынған суреттерде шаттану мен сағыныш та, қуаныш пен өкініш те, сұлулық пен тереңдік те табылады. Ол Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген өнер қайраткері. Мұхамед-Омар Сализұлының жеке көрмелері Қытай, Иран, Сауд Арабия мемлекеттерінде, Мәскеу мен Бішкек, Тараз қалаларында өткен. Оның тереңдікке толы еңбектеріне шетелдік азаматтар да көңіл аударып, ризашылықтарын білдірген.
– Мұхамед-Омар Сализұлы қазіргі таңда біздің институтта еңбек етеді. Ұзақ жылғы тәжірибесі мол маманның жеке шығармашылығында да, шәкірттеріне де берері көп. Ол кісінің суреттері ерекше әсерлі. Суретші әріптестері де Паншаевтың еңбегі мен шеберлігін жоғары бағалайды. Біз де құрметтейміз, – дейді Ш.Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінің президенті Нұржан Мүсілімов.
Ал, Паншаевтың көркемсуретке құштар жандардан бөліп қарастырар еш құпиясы жоқ. Өнерде қандай болса, өмірде де сондай.
– Бала күнімнен суретшілікті серік еттім. Осы салаға өмірімді арнадым. Қазір өңірімізге белгілі суретші мамандар Қанат Мұратай, Самат Каримов, Сергей Казин – менің талантты шәкірттерім. Мұнан бөлек, жүздеген мектептерде сурет және сызу пәнінен сабақ беріп жүрген мамандарға да жол көрсеттік, ұстаз болдық. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Құрметті профессорымын. Елге сіңірген еңбегім еленіп жатыр. Сурет өнеріне арналған өмір жолыма ризамын, – дейді ол.