Шерағаның шекпенінен шықпасам да…
Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстанның Құрметті журналисі, мәдениет майталманы Асқарбек Сейілханның 75 жас мерейтойына орай «Достық үйінде» облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ұйымдастыруымен автордың «Шерағаның шекпенінен шықпасам да…» атты бенефис кеші мен осы аттас кітабының таныстырылымы өтті.
Кеш шымылдығын мерейжас иесі Асқарбек Ақылшаұлы Шерхан Мұртазаның ажырамас досы Камал Смайловқа жазған хатынан монолог оқып ашты.
Шығармашылық кештің жүргізушісі, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық автормен әңгіме-сұқбат форматында өрбіткен кеште А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының актерлары Асқарбек Ақылшаұлы сахналаған образдардан қойылым қойды. Жиналған жұртшылық «JAMBYL» телеарнасының ұжымы автордың шығармашылық жолы туралы арнайы дайындаған бейнтаспаны тамашалады.
Бұдан кейін бенефис төріне Алматы қаласынан арнайы келген қазақ киносы мен театр өнерінің ардагері, Қазақстанның халық артисі, автордың курстасы Тұңғышбай Жаманқұлов пен облыс əкімінің орынбасары Серік Сəлемов көтерілді. Тұңғышбай Қадырұлы студенттік жылдардағы естеліктермен бөлісіп, замандас досына ақжарма тілегін арнап, сый-сияпатын ұсынды.
– Асқарбек Ақылшаұлы – саналы ғұмырын тек өңіріміздің ғана емес, еліміздің мəдениет, əдебиет, ақпарат саласының дамуына арнап келе жатқан арда азамат. Əлі де алда алар асуыңыз көп деп сенемін. «Шерағаның шекпенінен шықпасам да…» деп өзіңіз айтқандай, болашақта «Асқарбектің шекпенінен шыққанбыз» деп мақтанатын азаматтардың қарасы көп болары анық. Осы ретте ерекше бір жаңалықпен бөліскім келіп отыр. Ол – биыл өңірде жастар театрының ашылатыны. Бұл да Асағаның ұзақ жылдан бері көтеріп жүрген мəселесінің бірі еді, – деген Серік Жақсылықұлы облыс әкімінің атынан мерейжас иесіне шапан жауып, облыс əкімінің Құрмет грамотасын табыстады.
Өз кезегінде Асқарбек Ақылшаұлы төл туындысын өскелең жас ұрпаққа табыстап, батасын берді. Кештің мерейін асырған көрермен қауымға шынайы алғысын жеткізді.
Осылайша, «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы аясында облыстың кітап қоры тағы бір құнды дүниемен толықты.