Мойынқұмдық мемлекеттік қызметшілер топ жарды

0 1

Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында мемлекеттік қызметшілер арасында волейболдан ашық турнир өтті. Мойынқұм ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұркелді Қазақбайұлы мен команда капитаны – Мойынқұм ауылдық округінің әкімі Рүстем Тұрарқұл бастаған мойынқұмдық жігіттер топ жарып, жеңіс тұғырына көтерілді.

Топтық кезеңде біздің командаға Талас, Меркі және Жуалы аудандарының мемлекеттік қыз­меткерлері қарсылас болды. Алғашқы ойында Мойынқұм волей­болшылары өздерімен бірдей түсте форма киген Талас жігіттерімен бақ сынасты. Біздің жігіттердің алаңға бейімделуі баяу өрбіді, ме әлде басқа да факторлар әсер етті ме, ойын өте ауыр өтті. Екі кезеңнің нәтижесі тең түскенде, шешуші айналымда мойынқұмдықтар қарсыластардан айласын асырып, алғашқы екі ұпайға ие болды.

Келесі қарсыласпен ойын оңай болмасы анық еді, өйткені олар – облыстың былтырғы чемпиондары Жуалы құрамасы. Болжам тура келіп, Жуалы командасын тізе бүктіру арманға айналды. Екі кезеңде де қарсыластар дес бермей, 2:0 есебімен біздің жігіттерді есеңгіретіп тастағандай болды.

Үшінші ойында біздің жігіттер Меркі құрамасымен кездесуі керек еді. Алайда, алдыңғы екі ойында да сәтсіздікке ұшыраған Меркі волейболшылары топтық кезеңдегі үшінші ойыннан бас тартып, бізге үш ұпайды сыйлап кетті. Екі команданы жеңдік, бес ұпайымыз бар, ширек финалға шықтық, деп мәз болып отырғанда нағыз спорттық «интрига» басталды. Біз ұтқан Талас құрамасының біз ұтылған Жуалымен кездесуінің нәтижесі өте маңызды болды. Өйткені, үш ұпай жинаған Талас Жуалыны жеңіп кетсе, топтан екінші болып шығып, ал алты ұпаймен Жуалы жігіттері бірінші орынмен ширек финалға шығатын еді. Ол жағдайда біз ауылымызға қайтар едік. Енді бізден ұтылған команда, фаворитті қалай жеңеді деген сұрақ туындауы мүмкін? Жуалы мен Талас кездесуінде бірінші команда ойынның алғашқы кезеңінде өте сәтсіз өнер көрсете бастады. Талас жігіттері басым түсіп жатқан сәттер де болды. Біздің құраманың уайымы еселенді. Алайда, бірінші ойынның нәтижесі бізге ұнамды болып, аз ғана ұпай айырмашылығымен жуалылықтар жеңіске жетті. Ал, екінші ойында олар тіпті, қарсыластарын шаң қаптырып, ірі есеппен жеңді. Осылайша біздің ширек финалға шығуымызға Жуалы командасы билет әпергендей болды.

Жүлделі орындар үшін күрестің алдында біздің жігіттер «консилиум» жасап, қателіктермен жұмыс істеп, қарсыластардың осал тұстарын айқындап, мықты ойыншыларына қарсы стратегия құрды. Ширек финалда Тараз қаласы әкімдігінің, Сарысу ауданының, Жуалы ауданының және біздің ауданның ойыншылары бақ сынасатын болды. Ширек финалға шығып, төртінші орынды қанағат тұту біз үшін өте аз еді. Арғы топтан бірінші болып шыққан Тараз құрамасымен кездесуде алаң иелерінің басымдылығы байқалды. Бірінші кезеңде қарсыластар алға суырылып, 10 ұпайға ұзап кетті. Ойынның аяқталуына небәрі екі ұпай ғана қалғанда мойынқұмдықтар төрешіден қысқа үзіліс (тайм-аут) сұрап алып, ойынға талдау жасады. Сөйтіп қарсыластың бір ғана сұрмергенін жапқан жағдайда ойын өрбитінін түсініп, сол бағытта жұмыс жасай бастады. Төрешінің ысқырығынан кейін біздің жігіттерді ешкім тоқтата алмайтындай көрінді, ұпайлар қосылып жатты. Бірақ, осы «бірақ» деген барлық жерде күйдіретіні бар, ойын барысында төреші бір сәтті дұрыс көрмей қалып, ұпайды Тараз құрамасына беріп, бірінші кезеңнің нәтижесі 23:25 болып аяқталды. Оған мойымаған біздің волейболшылар өз ойынын тауып, екінші кезеңде қарсыласын тырп еткізбей ірі есеппен жеңді. Үшінші, әрі шешуші кезеңде біздікілер басым болғаны соншалық, финалға алдын ала өтіп қойғандай өнер көрсетіп, жаңа тәсілдер мен тәжірибелерге көше бастады. Осылайша финалға шықтық.

Мұнда шеберлік жағынан да, моральдық тұрғыдан да Жуалы алда тұрды. Өйткені, топтық кездесуде дәл осы командадан ойсырай жеңілген біздің жігіттер тура сондай жағдайды қайтадан бастан өткергісі келмейтіні анық еді. Ойын басталды. Жуалы құрамасы 6 ұпай асып кеткенде, біздікілер біраз абдырап қалды. Төрешіден тағы бір үзіліс сұрауға тура келді. Команда капитаны Рүстем Тұрарқұлдың «Мойынқұм бірінші орын алуға лайықты емес пе?» деген сөзі жігіттерді жігерлендірді ме, әлде ауылдастарымыздың екінші тынысы ашылды ма, ойын өзгеріп сала берді. Шебер ойын көрсетіп жатқан Жуалы командасының ойыншылары «сынып» қалғандай болды. Мойынқұмдықтар олардың әр шабуылына тойтарыс беріп, контр-шабуылға көшіп екі кезеңде де нәтижелі өнер көрсетіп, облыстың чемпиондарынан бірінші орынды жұлып алды. Арман орындалды. Қуанышымызда шек жоқ. Кейінірек жігіттер жеңіске жетуге жанкүйерлердің қолдауы едәуір әсер еткенін атап өтті. Мойынқұмнан небәрі 6-7 адам ғана қолдау білдіріп отырды, бірақ соның өзі «Тараз-Аренаны» басына көтерді десе өтірік болмас.

Тартысты өткен кездесулердің нәтижесінде І орын Мойынқұм ауданына, ІІ орын Жуалы ауданына, ІІІ орын Сарысу ауданына бұйырды. Құраманың негізгі ойыншысы Нұркелді Қазақбайұлы «Үздік шабуылшы» аталымына ие болды. Жарыс жеңімпаздары кубоктар, медальдар, арнайы қаржылай сыйлықтармен және дипломдармен марапатталды. Командалар естелік суретке түсіп, бірін-бірі құттықтады.