Тағылымды іс-шаралар өткізілді
Алғыс айту күні облысымызда Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық 30 жылдығының ашылу салтанаты аясында тағылымды іс-шаралар өткізілді.
«Достық үйінде» бастау алған іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, ардагерлер кеңесі, мәслихат пен партия төрағалары, ЖОО ректорлары, ҚХА ардагерлері мен мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты.
Алдымен өңірлік этнос өкілдері қонақтарға тайқазаннан дәм ұсынды. Бұдан әрі «Қазақстан халқы Ассамблеясына 30 жыл» ескерткіш тақтасының ашылуы мен архивтік құжаттар алаңшасының таныстырылымы өтті.
Іс-шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
– Тәуелсіз еліміздің және өңірдің әлеуметтік-экономикасының өркендеуіне атсалысқан аға буын өкілдерінен бастап, қазіргі таңда әр салада жемісті еңбек етіп, халықтың алғысына бөленіп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін! Әрқайсымыздың жүрегімізде туған Отанымызға деген мақтаныш пен ризашылық сезім ортаймасын! Әр отбасыға бақ-береке, табыс тілеймін! Егемен еліміздің іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы тең болсын! — деген аймақ басшысы мерейлі мерекеге орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне марапаттар табыстады.
Атап айтар болсақ, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Жамбыл облыстық филиалының директоры Махмутжон Давришев «Құрмет» орденімен, Қордай ауданы «Қордай Су» кәсіпорнының бригадирі Қазақбай Көкішев пен Қордай ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы кәсіпорнының механигі Серік Жекебеков «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. А.Тоқпанов атындағы облыстық драма театрының әртісі Әбиірбек Тінәлі мен «Трансфер» шаруа қожалығының басшысы Владимир Бондаренко «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атанса, бірқатар азаматқа ҚХА-ның «Жомарт жан» төсбелгісі, облысқа сіңірген еңбегі үшін белгісі, өңір басшысының Құрмет грамотасы мен Алғысхаты берілді.
Салтанатты іс-шара ҚХА мүшелері және К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның концерттік бағдарламасына ұласты.
Сондай-ақ бұл күні «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында аз қамтылған 800 отбасыға 16 миллион теңгенің азық-түлік қоржыны үлестіріліп, этнос өкілдері «Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қойды. Сонымен қатар, облыстық тарихи-өлкетану музейінде ҚХА-ның 30 жылдығына арналған «Қазақстан халқы Ассамблеясы: бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» экспозициясы салтанатты түрде ашылды.
Мерекелік салтанатты іс-шаралар облыстын барлық ауданында ұйымдастырылды.