Бірқатар нысанды аралады
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында Сарыкемер ауылындағы кәріз суларын тазарту жүйесінің жұмысымен танысты.
Мамандардың айтуынша, алдымен кәріз сулары сорғы стансасына түседі. Сүзгіден өтіп, тазарту қондырғыларына жіберіледі. Барлық сатыдан өткен соң, қолданыстағы суару арнасына құйылып, суармалы алқапты ылғалдандыруға пайдаланылады. Қондырғының сыйымдылығы 550 текше метрді құрайды. Мұнда үш оператор еңбек етеді.
Облыс әкімі нысан жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Бұдан соң 60 пәтерлі екі тұрғын үйдің сапасын тексерді. Бұл баспаналар ақпан айының басында ел игілігіне тапсырылған. Құрылыс жұмыстарын «Бином» ЖШС жүргізген. Бес қабатты қос үйдің жалпы ауданы — 6624 шаршы метр. Мұнда 1-3 бөлмелі пәтерлер қарастырылған.
Ербол Қарашөкеев баспана мәселесін шешу маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтіп, аудан әкімдігіне тұрғын үй құрылыстарының қарқынын бәсеңдетпеуді ескертті.
Айта кетейік, Байзақ ауданында биыл 39,3 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде (2024 жылы — 38,7 мың шаршы метр).