Бас жүлде шығысқа кетті

0 10

Киелі Әулиеата төрінде Жамбыл Жабаевтың 179 жылдығына орай облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен, «AMANAT» партиясының қолдауымен «Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым!» атты республикалық ақындар айтысы өтті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Ақындар, айтыс ақындары мен жыршы термешілердің халықаралық одағының басқарма төрағасы Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай бастаған дәстүрлі доданың қатысушылары алдымен облыс әкімдігі ғимаратының алдындағы ақынның еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Айтыскер ақын Аманжол Әлтай жүргізген сөз барымтасына Мұхтар Ниязов, Жансая Мусина, Рүстем Қайыртай, Батыржан Кәдірбай, Қалижан Білдәш, Шұғайып Сезімхан, Нұрзат Қару, Серік Қуанған, Рауан Қайдар, Мұхтар Қонарбай сынды ақтаңгер ақындар қатысты. Ал, Әулиеата өңірінің намысын Алтынкүл Қасымбекова, Әсет Дүйсебаев, Нұрлыбек Құрманов, Рай Дөңбай сынды ақындар қорғады. Ал, қазылар алқасына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерман төрағалық етті. Сондай-ақ Айтмұханбет Исақов, Жасұлан Әбдіхалық, Ахметжан Өзбеков, Роза Мұқанова, Жанарбек Әшімжандар қазылар құрамына еніп, шаппа шап айтыстың нағыз бағасын берді.

Қазылар алқасының шешімімен Шығыс Қазақстаннан келген Серік Қуанған бас жүлдені еншіледі. Ал, талай жыр додасында ешкімге дес бермеген киелі Сыр өңірінің азулы ақыны Мұхтар Ниязов бірінші орынға лайық деп танылды. Жыр додасында көпшіліктің көзайымына айналған «Алтын домбыра» иегері Жансая Мусина екінші орынды қанжығасына байлады. Өз кезегінде Астана қаласының намысын абыроймен қорғаған жамбылдық Мұхтар Қонарбаев үшінші орын иеленді.

Әрине, өзге де айтыскер ақындар кәдесіз қалған жоқ. Оларға да ақшалай сияпат табыс етілді.