Жүзетін АЭС
Британияның «Core Power» компаниясы «Liberty» бағдарламасы аясында АҚШ-та жүзетін атом электр стансасын салмақшы.
Компания басшысы Микал Бое Хьюстонда өткен саммитте стансаның 10 жылда салынып бітетінін айтты. Жоба екі кезеңнен тұрады. Алдымен жүзетін АЭС-тердің өндіріс мүмкіндіктері зерттеледі, кейін азаматтық кемелерге арналған ядролық қондырғылар әзірленеді. «Core Power» бұл реакторларды кеме жасау верфтерінде тәжірибелі мамандардың көмегімен дайындамақ. АЭС-тер баржа түрінде жасалып, порттарда, жағалау маңына немесе ашық теңіздегі ірі платформаларға орналастырылады.