Той туралы ой

0 2

Былтыр облыс әкімдігі елімізде бірінші болып шектен шығып жиілеп кеткен ысырапшыл тойларға шектеу қойып, орынсыз ысырапшылдыққа жол бермеуге, той мәдениетіне көңіл бөліп, ұлттық нақышта өткізуге халықты шақырған үндеу қабылдаған болатын. Осы үндеуді қолдай отырып, той туралы көпшілікпен өз ойымды бөліскім келеді.

Бас-аяғы жоқ тойларда кездесетін үлкен кемшіліктердің бірі, тойдың белгіленген уақытта басталмай, қонақтардың екі-үш сағатқа дейін кешігуі дер едік. Бізден басқа бірде бір халықта мұндай ұзақ кешігу кездеспейді. Кеш басталған той созылып, түннің бір мезгілінде аяқталатыны түсінікті. Түнде тамаққа тойып алғандықтан ұйқы бұзылады. Ұйқыға кеш жатқандардың біразы ертесіне жұмысқа кешігіп барады. Осы жаман әдеттен құтылмасақ көп нәрседен ұтыламыз.

«Ауру қалса да әдет қалмайды», «қазақтың тойы қашан уақтысында басталып еді» деп кешігіп жүре бермей, басқа халықтарға күлкі болмай, осы жаман әдетпен көпшілік болып күресуіміз қажет. Асқа шақырғанда кешікпейміз ғой, сонда неге тойға кешігуіміз керек. Тойға шақыру қағаздарына «Той уақтысында басталады, кешікпеулеріңізді сұраймыз» деп жазуды ұмытпау керек. Екі-үш тойды дәл белгіленген уақытта бастайтын той иелері табылса, мұндай өзгеріс халық арасында тез тарап, бара-бара тойға кешігетіндер азаяр еді. Жұмыс күндері той уақтысын сағат алтыға қою дұрыс емес. Себебі, жұмыстан босағандар үйлеріне барып киініп, дайындалып келгенше біраз уақыт өтеді. Ал, демалыс күндері өтетін тойларды күндіз өткізген тиімді болар еді.

Тойдағы тағы да бір үлкен кемшілік — орынсыз көпсөзділік. Орташа 200-300-дей адам шақырылған тойларда, жиырма-отыздан аса топтан тұратын қонақтардың бәріне сөз беріп, кейбіреулерін күштеп сөйлету қаншалықты дұрыс. Бірін-бірі қайталаған тілек сөздер залдағы қонақтарды жалықтырып жіберетіні айтпаса да түсінікті. Әр топтан 2-3 сыйлы азамат сөйлесе жеткілікті емес пе.

Кей тойларда кішкентай балалардан аяқ алып жүру қиын. Олар билеп жүрген адамдардың арасына кіріп кетіп кедергі жасайды, құлап жарақат алулары мүмкін. Қараусыз қалғандары суық күнде далаға жеңіл киіммен шығып кетіп, суық тигізіп жатады. Сондықтан мүмкін болса кішкентай балаларды тойға әкелмеген жөн.

Тойдың жақсы деңгейде өтуі асабалардың талантына, тапқырлығына, сөзге шешендігі мен мәдениеттілігіне тікелей байланысты. Кейбір асабаның мәдениетінің төмендігі ойланбай сөйлеген сөздерінен білініп жатады. Бір тойда асаба той иесіне тілек айтайын деп тұрған жігітке сөз бермес бұрын «Түріңізге қарасам, тракторшіге ұқсайды екенсіз, ал киінген киімдеріңізге қарасам үлкен қызметкерге ұқсайсыз», деп орынсыз әзіл айтып, жігітті қызартты. Орынсыз қалжыңының жігітке қалай әсер ететіні асабаның ойына кіріп те шыққан жоқ. Асабалар әр сөзіне мән беріп, ойланып барып сөйлегендері жөн. Олар халықты мәдениеттілікке тәрбиелейтін мамандардың бірі екенін естен шығармаулары керек.

Қазіргі кезде той тойлау тым жиілеп кетті. Шілдехана той, бесік той, тұсаукесер той, сүндет той, тілашар той деген балалар тойлары мейрамханаларда бірінен кейін бірі тойлануда. Бұлардан бөлек кейбір азаматтар қырық жастан бастап әр он жыл сайын мерейжастарын тойлайтын болып жүр. Амантай Досмұхамет деген азамат баспасөзде жариялаған мақаласында жоғарыда аталған балалар тойын мейрамханаларда көп адамдар шақырып өткізуді тоқтату керек, мұндай салт-дәстүрлерді қазақтар үй жағдайында ең жақын туыстары мен көршілерінің қатысуымен атап өткен деген пікір білдіріпті. Орынды айтылған пікір.

Соңғы жылдары жастардың үйлену тойын басқа ұлттың әнімен ашу жиілеп барады. Бұл біздің дәстүрімізге жат нәрсе. Мұндай әдетті қойып, барлық үйлену тойын ертеден құлағымызға әбден сіңген жар-жар әнімен ашқызғанымыз дұрыс.

Соңғы уақытта кейбір әншілер мен әжелер тойға ұлттық киім киіп келетін болып жүр. Бұл құптарлық жайт. Ұлттық киім кигендердің саны көбейсе, тойдың сәні кірері сөзсіз. Тойда араққа тойып мас болғандар арасында дөрекі, ұят қимылдар жасап, қисалаңдап би билейтіндер, төбелесіп той шырқын бұзатындар кездесіп жатады. Тойға шақырусыз келе беретін араққұмарлар да табылады. Тойларда ағыл-тегіл ағылған арақ-шарапты азайтып, керісінше денсаулыққа өте пайдалы қымыз бен шұбат сияқты сусындарды көбейткеніміз дұрыс болар еді деп ойлаймын. Тағыда бір ескеретін жай, асаба мен той иесі тойдан бұрын кездесіп, асықпай отырып ақылдасып, той жоспарын жасап алса, көп кемшіліктің алдын алуға болар еді.

Той тойлауды бір жүйеге келтіріп, ұлттық нақышта өткізуге қол жеткізіп алғанша, үндеуді жай үндеу күйінде қалдырмай, әртүрлі деңгейдегі басшылар, ардагер ақсақалдар кеңесі, асабалар қауымы, оқытушылар халық арасында той мәдениетін жақсартып, жаңаша ұлттық нақышта өткізу туралы үгіт-насихат жұмыстарын жандандырып отырса деген ұсыныс айтқым келеді.