Тұрғындар мәселесі назардан тыс қалмайды

0 4

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №2 аумақтық округінің тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында округ инспекторы Айдос Абдуалиев атқарылған ауқымды жұмыстар жөнінде баяндады.

– Былтыр округте орналасқан 18 көшеге күрделі жөндеумен түнгі жарық шамдары орнатылып, Қ.Сәтпаев көшесіндегі №1 үйдің ауласы абаттандырылды. Сондай-ақ «Атымтай Құрылыс» мекемесі тарапынан «Бурыл», «Қайнар» алқаптарына кіші футбол алаңшасы салынып, шатыры бар орындықтар қойылды. Сонымен қатар өткен жылы округтегі 16 көше мен 7 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өтті, – деген Айдос Сейсенбекұлы биыл қолға алынатын ілкімді істерді де тілге тиек етті.

Оның айтуынша ағымдағы жылы Әбдібаев көшесіне, Бостандық, И.Мичурин көшелері мен Красин көшесінің 5,7 бұрылыстарындағы ауызсу құбырлары жаңартылып, «Ақжол», «Қайнар», «Мичурин», «Родничок» алқаптарын орталықтандырылған тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жоспарлануда. Бұған қоса 12 көшені жарықтандырып, Бақбергенов, Гидрокешен, Смайылов және А.Асқаров көшелерін орташа жөндеуден өткізу көзделіп отыр екен.

Тұрғындар өз кезегінде азық-түлік бағасын тұрақтандыру, қаңғыбас иттерді аулау, қоқыстарды уақытылы шығару, аулаларды абаттандыру секілді маңызды мәселелерді көтерді.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған шаһар басшысы әрбір мәселе бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Кездесуден кейін қала әкімі тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.