Биыл облысымызда адам жүрегін алмастыру отасы жасалады

0 20

Ең мықты кардиологтар – Таразда. Осы сөздің айтылып жүргеніне біраз жыл болды. Расымен де республика бойынша ең білікті, ең танымал жүректің дертіне дауа табатын мамандар біздің шаһарда жұмыс істеп жатыр. Осы сөздің шынайылығын арттыра түсу үшін облыстық аурухананың кардиология бөліміне бас сұқтық. Бөлім басшысы Рауза Мақсұтқызымен дидарласып, сұқбаттастық.

35 жылдық тәжірибесі бар дәрігердің айтуынша, жан-жақтан мықты кардиолог іздеп сабылғандар Таразға ағылады екен. 2009 жылдан бері өңір медицинасының кардиология саласы жаңа бағытқа бет бұрған. Америкалық әдіс-тәсілді пайдалана отырып, жедел түрде жүрегі ауыратын адамдарға ота жасауды бастаған. Осы істі қолға алардың алдында Үкімет әр облыстан дәрігерлерді Израильге екі айға оқуға жіберіпті. Шетелде тәжірибе жинақтаған дәрігерлер алгоритммен жұмыс істеуді үйренген. Жаңа стандарт бойынша жұмыс жүргізуге машықтанған.

Облыс кардиологиясы бұл әдісті 2011 жылы жүзеге асырған. Бөлімге медицинасы озық елде шығарылған заманауи аппарат сатып алынған. Осылайша, мамандар инфаркты аурумен келіп тұрған науқасқа ауруды тамырдың деңгейінде тоқтатып, жүрек бұлшықетіне шапқызбай, созылмалы жүрек жетіспеушілігінің алдын ала бастады. Мұны жүрекке қалқанша (стенд) салу деп атайды. Бұл кәдімгі тамыр арқылы инвазивті түрде ота жасау деген сөз. Осылайша, Рауза Мақсұтқызы бастаған облыс кардиологтары қаншама науқасқа жәрдемші бола біліпті.

– Облыс кардиологиясы 1985 жылдан бастап дами бастады. Оның басында біздің ұстаздарымыз Давид Безмозгин мен Анархан Әзімханов тұрды. Осы кардиологтар сол кезде қалалық аурухананың терапия бөлімінен 120 төсектік кардиология бөлімінің ашылуына ықпал етті. Оның 60-ы инфаркт, тағы 60-ы кардиология бөлімі болды. Инфаркт бөлімін Давид Безмозгин, кардиологияны Анархан Әзімханов басқарды. Институт бітіріп келісімен сол бөлімде дәрігерлік қызметімді бастадым. Амалбек Тшанов облысқа әкім болып тағайындалғанда бірінші қолға алған жұмыстарының бірі 60 орындық кардиология бөлімін облыстық ауруханаға ауыстыруға ықпал етуі еді. Міне, содан бері осы салада дәрігер-кардиолог болып еңбек етіп келемін.

Біздің жұмыста шапшаң қимылдап, жүгіріп жүріп еңбек ету керек. Жамбылдық бір шоғыр кардиолог-дәрігерлердің ұстазы Анархан Әзімханов бізден осыны талап етті. Өзім де жұмысқа келген дәрігерлерден «Адамды жақсы көресің бе?» деп сұраймын. Өйткені, біздің сан түрлі қауырт жұмысымыздың бірі – жүрегі шаншып, жаны қиналып келген адамға жылы сөзімізді арнап, дәрігерлік мейірімімізді көрсете отырып, науқасты дертінен айығатынына сендіру.

Облыстық ауруханада науқасқа 40 төсектік орын бар. Каранография, компьютерлік томография сынды неше түрлі аппараттар бар. Аурудың өршитін кезі – көбіне қыс айлары. Тіпті, науқастардың саны артып кетеді. Көктем, жаз айларында ауру азаяды. Күн жылыда адамның қан тамырлары кеңейіп, аурушаңдық саябырсиды. 35 жылдық тәжірибеме сүйенсем, ауруға адамның дене қимылының аздығы, үнемі күйзелісте жүруі себеп болуда. Аурудың түп төркіні стресс пен дипрессияға түсуден болады. Сондықтан, жұртшылық жүрегіне салмақ салмай, жоқ жерде ойға шомып, мұңға батпай, өзін күйзеліске түсуден сақтағаны жөн. Барлық түйткілдің шешімі болады. Тамақты көп жемей, саламатты өмір салтын ұстанған жөн. Жас кезінде жүгірмеген адамға қартайғанда жүгіруге болмайды. Тек жүру қажет,– дейді бөлім меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Рауза Жұбандықова.

Мұнда кардиология мен кардиореанимация ісі бірге жүргізіледі. Науқас ауруханаға түскеннен кейін бір сағаттың ішінде дерттің түрі анықталып, түрлі көмек көрсетіледі. Биылдан бастап облыстық аурухана адамның жүрегін алмастыруды қолға алмақшы.

Рауза Жұбандықова ең үздік маман деп рентген хирургиясының бөлім басшысы Берік Керімқұловты атап өтті. Израильге бірге оқуға барған білікті маманмен әлі күнге бірге қызмет істеп келе жатқандығын мақтан тұтады. Лаура Медетова, Мамур Ақтанқызы секілді дәрігерлерді де тілге тиек етті.

Өмірлік серігі Жандар Миятұлы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Жолдасы – мал дәрігері. Облыстың ветеринария саласына еңбек сіңіріп жатқан азамат. Әңгімелері таусылмаған жұптың бір-бірімен сырласып, талқылайтын тақырыптары да көп. Отасқандарына да 35 жыл болыпты. Ол жұмысын – екінші отбасым, кейде одан да жоғары деп есептейді.