Әлеуметтік саланың сан-қыры қамтылды

0 9

Облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары, әлеуметтік салаға жауапты басқарма басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің қызметкерлері қатысқан жиында мәдениет, жастар мен әлеуметтік салаға қатысты мәселелер талқыланып, 2025 жылға арналған жоспарлар белгіленді.

Жиында облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Өскембекованың өңірдің қоғамдық-саяси жағдайы, идеологиялық және ақпараттық жұмыстар жөніндегі есебі тыңдалды.

– Өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалды ұдайы назарда ұстап, ақпараттық саясатты жүзеге асыру маңызды міндеттердің бірі. Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен журналистердің мәртебесін арттыруға бағытталған «Масс-Медиа» туралы жаңа заң қабылданған болатын. Заңға сәйкес, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты орналастыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Облыста бүгінгі күнде барлығы 81 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Оның 45-і басылымдар, 3-еуі телеарна, 33-і ақпараттық агенттік. Қоғамдық сананы қалыптастырып, күнделікті жаңалықты халыққа жеткізуде барлық БАҚ-тың әлеуеті пайдаланылуда. Позитивті және сыни материалдарға мониторинг жүргізіліп, мемлекеттік органдардың әрекет етуі үйлестірілуде, – деген Құралай Әмреқұлқызы, өңірде мемлекеттік саясатты ақпараттандыру жұмыстары да қарқынды түрде жүзеге асып жатқандығын жеткізді.

Аймақтағы ақпараттық жұмыстарды ұйымдастыру бағыты бойынша жүргізілген талдау нәтижелерімен таныстырған Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Алмат Садуақас ақпараттық жұмысты жүйелі жүзеге асырған аймақтар мен төмен көрсеткішке ие болған аудандарды атап өтті.

Жалпы, Жамбыл облысы этностардың көптігі жөнінен елімізде екінші орын алатындығын ескерсек, өңірде тұрақтылықты қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып табылатындығы түсінікті. Бүгінде 87 этнос пен этникалық топтың өкілдері қоныстанған аймақта 38 өкілдік пен 41 этно-мәдени бірлестік жұмыс атқарады. «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева да атқарылып жатқан жұмыстарды ортаға салып, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын арттыру жайына баса мән берді.

Сондай-ақ Жастар ресурстық орталығының басшысы Айбек Қадырәлі биылғы жыл Президенттің бастамасымен «Жұмысшы мамандықтарының жылы» болып жарияланғанын айта келіп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бекітілген жоспар аясында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқаратын еңбек адамдарының мәртебесін арттыру және оларды насихаттау бойынша «Еңбек адамы» жобасы, «Еңбектен тапқан бақытын» тақырыптарында еңбек адамдарымен кездесулер, «Ер дәулеті – еңбек», «Еңбекпен ел көгерген» тақырыптары аясында көрмелер ұйымдастыру жоспарланғанын тілге тиек етті.

 Ал, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай өткен жылы облыстың 85 жылдық мерейтойы қарсаңында бірқатар жемісті жұмыстар жүзеге асқандығын атап өтіп, ағымдағы жылы да өңірде республикаға белгілі тұлғалар мен жергілікті қаламгерлердің мерейтойларын атқару міндеттері тұрғандығын алға тартты. Олардың қатарында Ш.Уәлихановтың 190, А.Құнанбайұлының 180, Н.Тілендиевтің 100 жылдық мерейтойлары, жергілікті қаламгерлер Елен Әлімжан, Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасеріковалардың 80 жылдық мерейтойларын атап өту міндеті тұрғандығы айтылды.

Сонымен қатар, жиында Ш.Мұртаза атындағы «Руханият және тарихтану» орталығының басшысы Жасұлан Әбдіхалық, «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясының» директоры Сауран Қалиев той мәдениетін қалыптастыру мен тарихи мұраны сақтау маңыздылығы туралы ойларын ортаға салса, облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Сәкен Мыңбаев аймақтағы діни ахуал турасында мәлімет берді.

Әлеуметтік саланың сан-қыры қамтылған жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойына бағытталған іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып қана қоймай, батырларымызға мерекеден тыс кезеңде де құрмет көрсетуді естен шығармау қажеттігін баса айтып, ақпараттық саясатты тиімді жүзеге асыру, қоғаммен кері байланысты жақсарту, жастар саясатын жандандыру жөнінде алға қойылған жоспарлар бойынша нақты міндеттер жүктеді.