Шөпшек сүйген майдангер

0 7

Өкінішке қарай, Ұлы Отан соғысына қатысқан май­дан­герлердің қатары жыл санап азайып бара жатыр. Құлан өңірінде сұрапыл соғыста етігімен су кешіп, ел мен жерді қорғаған майдангер аталарымыздан көзі тірі қалғаны – Жаңатұрмыс ауылы­ның тұрғыны Шалданбай Шанбаев атамыз.

Ұлы Отан соғысының арда­гері Шалданбай ақсақал жақында 101 жас­қа толды. Аудан әкімі Ернар Есіркепов ғасыр жасаған ардагерді Жаңатұрмыс ауылына арнайы барып құттықтады. Майдангерге елордамыз Астанадан жеткен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың Құттықтау хатын табыс етті.

Ернар Серікәліұлы ғасыр жасаған қарияға ізгі лебізін арнап, Жеңісті жақындатуға қосқан үлесін, ұзақ жылдар бойы атқарған елеулі еңбегін, өнегелі өмірін атап өтіп, алғысын жеткізді. Өз кезегінде қарт майдангер де естеліктерімен бөлісіп, ақ батасын берді.

Айта кетейік, 1942 жылы әскерге шақырылған майдангер соғыстың соңына дейін ішкі істер әскерлерінің 227-полкі құрамында болып, соғыс біткен соң да әскер қатарында қалған. «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Маршал Жуков» және басқа да бірқатар мерекелік медальдармен марапатталған.

1949 жылы елге оралып, трактор бригадасының бригадирі, санақшы болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққанға дейін «Жаңатұрмыс» колхозында есепші, бас есепшінің көмекшісі болған Шалданбай қария Мәкен әжей екеуі 6 ұл, 3 қыз тәрбиелеп, өсірген. Бүгінде олардан 49 немере, 102 шөбере, 5 шөпшек сүйіп отырған ақсақал елдің амандығын, тыныштығын тілеп, бейбіт күннің бағасын білуге шақырып келеді.