Қордайлықтардың қарқыны қуантады

0 17

Еліміздің экономикалық дамуында агроөнеркәсіп кешенінің, оның ішінде ауылшаруашылығы саласының алатын орны ерекше. Әсіресе, ет өндірісі соңғы жылдары өңірде қарқынды дамып келеді. Елімізде ет және сүт бағытындағы ірі қара малды өсірушілердің білімін тұрақты түрде жетілдіру, мемлекеттік қолдау арқылы жеңілдетілген несиелер беру қарастырылған. Бүгінде облыста 3-5 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған 13 ірі кешен іске қосылған. Сондай-ақ 26 мың басқа арналған отызшақты бордақылау алаңы, асыл тұқымды репродукторлар, құс фабрикалары жұмыс істейді.

Аталған бағытта Қордай ауданының бәсі бір саты жоғары екені белгілі. Өйткені, елімізде қордайлық шаруалар өсіріп жатқан төрт түлікке деген сұраныс, оның ішінде ет өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Оған дәлел, аудан аумағында 1500-ден бастап 7000 басқа дейінгі мал бордақылау алаңдары жұмыс істеуде.

Солардың бірі – «Бай-Нұр» шаруа қожалығы. Асыл тұқымды мал өсіру және ет шаруашылығымен айналысатын қожалығы қазіргі таңда жалпы облыс бойынша іргелі шаруашылықтардың біріне айналған. Негізі 2001 жылы отбасылық шаруа қожалығы болып ашылған «Бай-Нұр» бүгінгі таңда 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. 2010 жылы мал бордақылау орталығын ашып, қазіргі таңда 3 мың бас ірі қара малын бордақылауға дейін жеткізген. Негізгі сыйымдылығы 7 мың басқа дейін жетеді. 2019 жылдан бастап Қытай, Иран мен Араб елдеріне шығып, ет экспортымен айналысуда. Облыста биыл жалпы сүт өндірісін 30 пайызға арттыру, ал өндірістік фермаларда сауылған сүт көлемін 3 есеге ұлғайту көзделген болатын. Ол үшін тауарлы фермалар санын арттыру, селекциялық асылдандыру жұмыстарын жаңа деңгейге көтеру мен оның сапасын арттыру маңыздылығы ерекше. Осы мақсатта өткен жылы «Бай-Нұр» шаруа қожалығы жылына 5,8 мың тонна қуаттылығымен сүт фермасының құрылысын бастаған болатын. Онда 1500 ірі қара, яғни сауын сиыр ұсталмақ. Ферма іске қосылған кезде өңірді таза табиғи әрі қолжетімді сүт және сүт өнімдерімен қамтуға мүмкіндік беретін болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, өндіріс орны толықтай жұмысын бастағанда жылына 5800 тонна сүт өндіріп, 40 адам жұмыспен қамтылатын көрінеді. Ферма жобасында көрсетілгендей, мұнда жұмысшылардың жалақы көлемі 200 мың теңгеден басталады.

Осындай ірі шаруалар қатарында «Медет» шаруа қожалығы да бар. Аталған шаруа қожалығы облыстағы санаулы асыл тұқымды етті мал өсірумен айналысатын, экспортқа ет шығаруға қауқарлы агроқұрылымдардың қатарына жатады. Шаруа қожалығының мал ұстайтын негізгі орындарының бірі – Степное ауылдық округіне қарасты Арал ауылындағы жабық алаңда қазір 1500 ірі қара бордақыға кіргізілген. Негізі бұл орын 3000 бас ірі қара бордақылауға қауқарлы. Орта есеппен жылына 600 тоннадан астам сиыр етін сатылымға шығаратын қожалық алдағы уақытта ет экспортының жұмысын арттыру ниетте.

Ал, Қордай ауылы жанынан орын алған Жайық Манасбаев жетекшілік ететін «Дәурен-ай» шаруа қожалығы жұмысын 2002 жылы бастаған. Қазір мұнда 1500 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмысын сәтті жүргізіп отыр. Қажетті жем-шөбін өзі дайындайтын шаруашылық қорасында семіртілген мал етіне сұраныс та жоғары. Әрине, мемлекеттің қолдауын жақсы сезінген шаруа қожалығы түрлі бағдарламаларға қатысып, арзандатылған несие алып, соның арқасында қазір табиғи таза жемшөппен бапталған мал өсіруде.

– 2002 жылы мен өз ісімді ашуға шешім қабылдадым, шаруа қожалығымды құрдым және осы бағытта жұмыс істей бастадым. Әрине, бастапқыда қиындықсыз болған жоқ. Бірақ, мемлекеттік қолдаудың арқасында мемлекеттік бағдарламаларға қатыстым, жеңілдетілген несие алдым және өз ісімді жүргізе бастадым. Бүгін біз мал бордақылаумен және ет өнімдерін сатумен айналысамыз. Қазіргі уақытта жылына орта есеппен 300-400 тонна ет өндіреміз. Сұраныс жағы арта түссе қожалық бұл межені асыра орындауға дайын, – дейді Жайық Манасбаев.

Бұл қатарда ет дайындаудың ең жоғарғы деңгейін көрсетіп жүрген «Первомайские деликатесы» ЖШС де бар. Ол жылына 6380 тонна ет өндіре алатын әлеуетке ие кәсіпорын. Өндіріс орны бүгінгі таңда азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындарынан талап етілетін «НАССР» стандарттарына сәйкес сертификатты иеленген. Негізінен онда қоғамдық тамақтану және ет өңдеу кәсіпорындарына бөлшектелген және жартылай бөлшектелген ет, буып-түйілген вакумды қораптағы ет кесіндісі, сорпа жинағы, филе өнімдері өндіріледі. Мұнда да шетелдік озық техникалар талапқа сай жұмыс істеп, аудан тұрғындарын жұмыспен қамтып келеді.

Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының дерегінше, жалпы өткен жылы өңірдің мал шаруашылығында ұсақ мал 3,8 миллион басқа, ірі қара 500 мың басқа, жылқы 200 мың басқа, құс 1,8 миллион басқа дейін өсіп, ет өндірісі 2,9 пайызға артқан. Осылайша, 2024 жылы 26,2 миллион АҚШ долларына 134 мың тонна ауылшаруашылығы өнімі экспортталған.

– Облыста асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытумен ұсақ мал басы бойынша 359 шаруашылық және қара мал өсірумен 59 шаруашылық айналысады. Сонымен бірге, қуаттылығы 1000 басқа дейінгі 13 бордақылау алаңы және екі ірі ет өңдеу кәсіпорны жұмыс істейді. Сүтті мал шаруашылығында 46 тауарлы сүт фермасы жұмыс істейді, онда 5,1 мың бас сауын сиыр ұсталады. Өңірде ет өңдейтін 42 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың ішінде ірі «Меркі ет комбинаты» және «Первомайские деликате сы» бар. Өндірілген 20,4 мың тонна еттің 13,4 мың тоннасы ішкі нарықта сатылып, 7 мың тоннасы экспортталды. Өткен жылы кәсіпорындардың жүктеме деңгейі 21 пайызды құрады, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов.

Басқарма басшысының сөзінше, облыста асыл тұқымды мал басын ұлғайтуға, цифрлық және ақылды фермалар құруға, сондай-ақ жоғары технологиялық қайта өңдеу өндірістерін дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасын табуда. Бұл өз кезегінде өңірдің агроөнеркәсіптік кешендегі позициясын нығайтуға және оның халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік бермек.