Жаса, Меркі – жұмақтай, нұрлы мекен

0 13

Меркіде ерекше рухани кеш өтті. «Жаса, Меркі – жұмақтай, нұрлы мекен» атты концерт мерейлі өлке Меркіге арналған әндерге арналды. Бұл кеш туған жерге деген сүйіспеншілікті арттырып, жергілікті өнер иелерінің шығармашылығын дәріптеуге бағытталды. Концерт шымылдығы ақынның туған жерге арнаған жыр шумақтарымен түрілді. Одан кейін Досымбек Аңдабаев «Туған жер» әнін орындап, көрер­мендерді ерекше күйге бөледі.

Жүргізушілер сахнаға шығып, киелі Меркі өлкесінің тарихы мен мәдениеті туралы жүрекжарды лебіздерін білдірді. Олар Меркі жері талай дарын иелерін түлеткен құтты мекен екенін атап өтіп, осы өлкенің сұлулығын әнмен, жырмен паш еткен сазгерлер мен ақындардың еңбегін ерекше құрметтеді.

Сахна төрінде алғаш болып Сағыныш Аязбаева өнер көрсетті. Ол Асыл Әпсеметовтің «Киелі Меркі» әнін орындап, тыңдармандарды туған жерге деген мақтаныш сезіміне бөледі. Одан кейін Досымбек Аңдабаев Қ.Қосалыұлының сөзіне жазылған, әуені Нышан Төлегеновке тиесілі «Мерейлі Меркі» әнін орындап, көпшілікке ерекше рух сыйлады.

Концертке Мәдениет саласының үздігі, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі, жерлесіміз Оңал Азаматова да арнайы келді. Ол Қуаныш Қолқаевтың сөзіне жазылған Ғани Мәтебаевтың «Кел ағайын, Меркіге!» әнін орындап, көрермендерді туған жердің қадірін ұғынуға шақырды.

Өнер кешінде жергілікті сазгерлер мен ақындардың шығармалары да орындалды. Мәдениет саласының үздігі, музыка зерттеушісі, жерлесіміз Бағлан Бәбіжан өзіне тиесілі «Мерейлі Меркі» және «Біздің ел» әндерін орындап, тыңдарман қауымды тамсандырды. Меркі өңірінің тағы бір мақтанышы, жас әнші Мадина Оспаналиева да сахна төріне көтеріліп, Алтынбек Қоразбаевтың «Меркім менің» әнін шырқап, көрер­мендердің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар, Сауытбек Шенсізбаевтың сөзіне жазылған Ақайша Исағұлованың «Меркі бұлақ» әнін де ерекше шабытпен орындады. Концерт барысында Исатай Нұрдаулет те өнер көрсетіп, Шырын Мамасерікованың сөзіне жазылған Әбдіхамит Жұмаходжаевтың «Сұлу Меркі» әнін орындап, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Кештің жалғасында Ерсін Байділдә мен Әбдібай Камила Қуаныш Қолқаевтың сөзіне жазылған Ербол Спаналиев­тің «Думанды Меркі» әнін орын­дады. Ал, Сағыныш Аязбаева Шырын Мамасерікова мен Дүйсеналы Бықыбаевтың шығармашылығынан туған «Думанды мекен» әнін шырқап, залдағы көрермендерді ерекше серпілтіп тастады.

Жастар да бұл кештен шет қалмады. Бақтияр Молдазов пен Айдана Серікбаева сазгер Шәбден Омаралиевтің сөзі мен әуеніне жазылған «Меркі жастарының әнін» орындап, тыңдармандардың ықыласына бөленді. Сазгер Болат Құлдановтың әуені мен Шырын Мамасерікова жазған сөздері үндескен «Жерұйығым – Меркім» әнін «Меркі әуендері» ән-би ансамблінің әншілері шарықтата орындап, кешті әсем әуенмен қорытындылады.

Іс-шара соңында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек сөз сөйлеп, туған жерге арналған осындай шығармалардың ұлт мәдениетін дамытудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ, белгілі ақын Шырын Мамасерікова сахна төріне шығып, бұл іс-шараның Меркі халқы үшін ерекше рухани мәнге ие екенін айтып, барша өнер иелеріне алғысын білдірді.

Кеш соңында көрермендер өнер­паздарға ұзақ уақыт қол соғып, жылы лебіздерін жеткізді. Бұл концерт – Меркіге деген махаббаттың, патриоттық рухтың, өнерге деген құрметтің айқын көрінісі болды.