Қос тұрғын үй пайдалануға берілді

0 12

Баспана мәселесін шешу — мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Халықты тұрғын үймен қамту Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Облыста мемлекеттік бағдарламалар аясындағы жүйелі жұмыстар жалғасын табуда.

«Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес, Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылындағы әл-Фараби шағынауданында 120 пәтерлік көпқабатты екі тұрғын үй пайдалануға берілді.

Салтанатты іс-шараға аудан әкімі Олжас Баққараев қатысып, жаңа пәтер иелерін құттықтап, көпшіліктің қуанышымен бөлісті.

– Өткен жылы 240 байзақтық жаңа пәтерге қол жеткізді. Биыл ауданда тағы 6 тұрғын үй салу жоспарланып, 7 миллиард теңгеге ұсыныс берілді. Қаржы бөлінсе, құрылыс жұмыстары басталады. Бүгін тағы бірнеше отбасы баспаналы болып, үлкен қуанышқа кенеліп отыр. Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! – деді аудан әкімі.

Бұдан әрі тілек тізгінін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Ермеков жалғап, ақ жаулықты әжелер шашу шашты. Аудан басшысы тұрғындамен бірге пәтерлерді аралап, алғашқы пәтер иесіне сыйлық табыстады.

Жаңа пәтерге қол жеткізген тұрғындардың бірі – 2018 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы ана Эльвира Әбибуллаева.

– Алты баланың анасымын. Кеше ғана баспана алатынымды естіп, қуанышымда шек болмады. Отбасымызбен осы күнді ұзақ күттік. Балаларыммен бірге өз үйімде өмір сүретініме өте бақыттымын. Бізге осындай қолдау көрсеткен билік өкілдеріне, әкімдікке алғысым шексіз! – дейді ол.

Жалпы бір тұрғын үйдің аумағы 2956 шаршы метрді құрайтын пәтерлердің екі бөлмелісі – 33, ал үш бөлмелісі 65,5 шаршы метр. Тұрғын үйлердің құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.