Ауыз бекіткенде қандай спортпен айналысқан жөн?

0 11

Қадір түні қашан? ҚМДБ Хижри айлардың басталуы халықаралық астрономиялық зерттеу орталықтарының мәліметтері негізінде жасалғанын еске салды.

«Пәтуа мамандары діни мерекелердің нақты күндері жаңа айдың көрінуіне байланысты көрсетілген уақыттан бір күн шегерілуі немесе алға жылжуы мүмкін екенін ескертеді», деп жазылған мәліметте. Ақпаратқа сәйкес Қадір түні 27 наурызға қараған түніне белгіленген. Ал, Құрбан айт 6 маусымға тура келген.

Маман кеңесі. Алматы қалалық №36 емханасының жалпы тәжірибе дәрігері Мөлдір Әлімбаева Рамазан айында ауыз бекіткен адамдар спортпен қалай дұрыс айналысуы керек екенін айтты. Дәрігердің сөзінше, ораза кезінде бірқалыпты физикалық белсенділік денсаулыққа оң әсер етеді. Дегенмен, әр адам әртүрлі екенін есте ұстаған жөн, сол себепті ораза кезінде жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңесіп алған артық етпейді.

«Ораза кезінде бірқалыпты спорт түрін таңдауды ұсынамын. Жоғары қарқынды жаттығулардан аулақ болған дұрыс. Оның орнына «йога», «пилатес», жүру немесе таза ауадағы жаттығуларға артықшылық беру керек. Өз тәніңізге көңіл бөліп, өзіңізді шамадан тыс қинамауыңыз керек. Жаттығулар арасында демалыс жасап отыру керек. Қатты терлемеген дұрыс. Ауыз ашқан соң жеткілікті мөлшерде су ішу маңызды. Қандай да бір ыңғайсыздық немесе әлсіздік сезінсеңіз, жаттығуды дереу тоқтатыңыз», дейді дәрігер.

Егер ауыз бекіткен адам кәсіпқой спортшы болса, онда жаттығудан соң бірден су ішу үшін ауыз бекітер алдында және ауыз ашар алдында жаттығу жасағаны дұрыс.

«Рамазан айы аяқталған соң ағзаны қажет қоректік заттармен қамтамасыз ету үшін дұрыс тамақтану керек. Бұл ретте таңғы ас пен кешкі аста асқорытуға оңай және құрамында көп мөлшерде көкөніс, ақуызы бар тағамдар (ет, жұмыртқа, бұршақ дақылдары) және пайдалы майлар (майлар, жаңғақтар, дәндер) болуы керек. Бұл уақытта майлы, ащы және тәтті тағамдарды шектеп, артық тамақтанбаған дұрыс», дейді Мөлдір Әлімбаева.