Қордайлық «автокөлік дәрігері»
Кейбір адамдар өмір деген құнды сыйға ие болса да, үнемі бір нәрсеге көңілі толмайды. Ал енді біреулер тағдырдың ауыр сынақтарына қарамастан, сынбай, мойымай алға ұмтылады. Қордай ауылының тұрғыны Мұхтар Нұрқасымов дәл осындай қайсарлық танытып жүрген жан.
Мұхтар Жолдасбайұлы – болаттай берік жігердің және мақсатқа жетуге ұмтылыстың жарқын үлгісі. Автомобиль ісіне деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігі оны шебер автомеханик етіп қалыптастырды. Бүгінде ол көлік жөндеуде нағыз «автокөлік дәрігері» атанған. Сол себепті көліктерін сеніп тапсыратын клиенттер оның есігінен кезекке тұрады.
Шарбақты ауылының тумасы Ырғайты ауылшаруашылық техникумын (қазіргі Ноғайбай ауылшаруашылық колледжі) «ауылшаруашылығы механизаторы» мамандығы бойынша бітіріп, Тараз қаласындағы Жамбыл авто-мото қызметінде тәжірибеден өтеді, Қордай филиалында жұмыс істейді. 1987 жылы өз еркімен әскерге аттанып, Чернобыль қауіпті аймағында азаматтық борышын өтейді.
Елге оралған соң денсаулығында ақаулар пайда болып, үшінші топтағы мүгедектік беріледі. Алайда, диагноз оның өмірге деген құштарлығына әсер ете алмады. Сүйікті ісіне қайта оралып, Германияға тәжірибе алмасуға жіберу туралы өтініш білдіреді. Алдына қойған мақсатына жету үшін көлігін сатып, шетелге жол тартады.
– Неміс достарымның көмегі орасан болды. Сол үшін оларға әлі күнге ризамын. Бірақ тұрақты қоныс аудармадым. Германияда 15 жыл жұмыс істеп, елге жиі келіп жүрдім. Онда жинақтаған тәжірибем маған үлкен көмек болды, – дейді Мұхтар Жолдасбайұлы.
2011 жылы туған жеріне оралып, өз қызмет көрсету стансасын ашу жоспарын жүзеге асырады. 2014 жылы кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдаланып, «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы несие алып, «Авангард» техникалық жөндеу орталығын іске қосады.
– Бізде барлық жағдай жасалған: душ, санитарлық торап, тазалық сақталған. Станса кең әрі жарық. Германиядағыдай шеберхана ашуды армандадым. Ең бастысы, сол жақтан алған тәжірибемді қолданамын, – дейді кәсіпкер.
ТЖО жеңіл көліктерді жөндеу және қызмет көрсетуге маманданған. Оның кәсібилігі мен жауапкершілігі клиенттердің сеніміне ие болып, шеберханасы жарнамасыз-ақ жұмыс істеп тұр.
Денсаулық мәселелеріне қарамастан, Мұхтар Жолдасбайұлы табанды еңбегімен отбасын қамтамасыз етіп келеді. Төрт баланың әкесі, оның бірі Қ.Сәтбаев атындағы Алматы политехникалық университетінің «көлік технологиялары» мамандығын тәмамдап, бүгінде әкесінің стансасында тәжірибеден өтуде.
Мұхтар Нұрқасымов – қайсарлық пен табандылықтың үлгісі. Оның өмір жолы ауыр сынақтарға қарамастан табысқа жетудің мүмкін екенін көрсетеді. Автошеберхана оның ауруға берілмей, алға ұмтылғанын дәлелдейтін нышанға айналды.