Тауарлық несиелеуді шулықтар бастады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында ауылшаруашылығы саласына жаңа құрал – «тауарлық несиені» енгізу мәселесін қарастыруды тапсырған болатын. Жаңа бағдарламаның мақсаты — ауылдық елді мекендерде мал басын көбейту. Жергілікті кәсіпкерлер тауарлық несие беруге дайын екендіктерін білдіріп отыр.
Тауарлық несиелеу бағдарламасы аясындағы алғашқы келісім Шу ауданында жасалды. «Атай» шаруа қожалығының иесі Сәкен Атаев Абай ауылының тұрғыны Қалисұлтан Тілепбергеновке 3 миллион теңге 50 бас, ауыл азаматы Бақытжан Ботаевқа 3 миллион теңгеге 50 бас қой берді.
– Жаңа бағдарлама тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға жақсы мүмкіндік береді деп есептеймін. Ауылдастарымды қолдап, еліміздің дамуына үлес қосуға әзірмін. Алдағы уақытта асыл тұқымды малды да беру ойымда бар, — деді Сәкен Атаев.
Жаңа бағдарлама аясында өңірдің барлық аудандарында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Мойынқұм ауданында «Үркер» шаруа қожалығы 20 бас ірі қара мен 100 бас уақ мал беруге дайын. Қазір белсенді ауыл тұрғындарының тізімі жинақталуда. Тауарлық несиелендіру бағдарламасы аясында жыл соңына дейін 80-ге жуық келісімге қол қою жоспарлануда.
Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлебек Құлекеевтің айтуынша, жергілікті кәсіпкерлер мал басын одан әрі өсіру үшін ауыл тұрғындарына тауарлық несие береді. Бұл орайда аз қамтылған отбасылар мен жұмыссыз азаматтарды қолдауға басымдық беріледі. Тауарлық несие бес жыл ішінде өтелуі керек, оның бірінші жылы – демалыс, одан кейін жыл сайын төлдің 50 пайызы негізінде өтем төлеуге міндеттеледі.