Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру

0 3

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, Мемлекет басшысының «Барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Қордай ауылында аудан тұрғындармен кездесті.

 Жиында облыс басшысы аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып, алдағы мақсат-міндеттерді нақтылап, жоспарларымен бөлісті.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел дамуының басты бағыттарын айқындап берді. Ол – ірі инфрақұрылымдық жобаларды, цифрландыру мен жасанды интеллектті, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту, салық-бюджет саясатын реформалау және инвестиция тарту мәселелері. Бұған қоса, әлеуметтік қолдау, білім беру және денсаулық сақтау саласында шешілуі тиіс түйіндерге ерекше мән берді. Билік орындарына азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешуді, олармен ұдайы кері байланыс орнатуды міндеттеді. Түптеп келгенде біздің басты мақсатымыз – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Өңірдегі барлық әкімдермен осы бағыттағы жұмыстарды бірлесе жүзеге асыратын боламыз. Арнайы жоспар бекітіліп, тұрақты бақылауға алынатын болады, – деді Ербол Қарашөкеев.

Өңір басшысының айтуынша, Қордай ауданында 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, барлық салада оң динамика қалыптасқан. Өнеркәсіп өндірісі (101,1 пайыз), бөлшек сауда тауар айналымы (104,0 пайыз), құрылыс жұмыстары (142,3 пайыз), пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі (102,4 пайыз), ауылшаруашылығы (104,8 пайыз) саласында өсімге қол жеткізілген.

Жиында Ербол Шырақпайұлы жауаптыларға мемлекеттік қолдаудың қарапайым шаруаларға, тұрғындарға жетуі керектігін баса айтты. Сонымен қатар, аудан әкімдігіне кәсіпкерлік саласын дамытуды, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды міндеттеді. Жалпы жергілікті жерде ірі кәсіпорындардың құрылуы халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуына, аймақтың экономикалық дамуына серпіліс берері сөзсіз.

– Мемлекет басшысы еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелден қаржы көзін тартудың жаңа тетіктерін қарастыру жөнінде үнемі айтып, тиісті тапсырмалар беріп келеді. Бұл бағытта, Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, «жекелеген» мәселелерді ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту басты мақсатымызға айналуы тиіс, – деді облыс әкімі.

Қордай ауданында құрылыс жұмыстары қарқын алып, салада оң өсім байқалады. Дегенмен, 2022 жылдан бері Қордай ауылындағы көпқабатты екі тұрғын үйдің құрылысы тұралап тұр.

– Мәселе мердігер компанияның жұмысты жүйелі жүргізе алмауынан туындаған. Бұл аудан әкімдігі тарапынан қатаң бақылаудың жоқтығын көрсетіп отыр. Қазір заң аясында тиісті шара қабылдануда. Қателік қайталанбауы тиіс, — деген аймақ басшысы жауаптыларға қатаң ескерту жасады.

Сонымен қатар, жиында аудан әкімі мен орынбасарлары атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Бұл орайда аймақ басшысы әлеуметтік салаға жеке тоқталып, аудан әкімінің осы бағытқа жауапты орынбасарына балаларды қосымша білім берумен қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырды.

Сұрақ-жауап бөлімінде аудан тұрғындары көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, бірқатар мәселені көтеріп, ойларын ортаға салды. Әлеуметтік салаға, оның ішінде білім беру, медицина және жайылымдық жерге қатысты, сондай-ақ көпір салу, жолды кеңейту мәселелері де көтерілді. Ербол Қарашөкеев халық көтерген мәселелер қараусыз қалмайтынын, айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленіп, назарға алатынын жеткізді.

Жиын соңында облыс әкімі егін, мал шаруалығында жаңа әрі озық технологияларды енгізу жұмыстарын жандандыруды, «Ауыл аманаты» жобасының бесінші бағытына басымдық беріп, кәсіп ашу шараларын аудан тұрғындарына кеңінен насихаттауды, жас мамандарға, жастарға әлеуметтік қолдау көрсетуді, азық-түлік қауіпсіздігін және жанар-жағар май, сұйытылған газ тапшылығын болдырмау мақсатында кәсіпкерлермен жүйелі жұмыс жүргізіп, бақылауға алуды тапсырды.

Кездесу жиынынан соң облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдап, мәселелеріне құлақ асты.