Абай – дана, Абай – дара қазақта

0 2

Биыл облысымызда аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы қолға алынғаны белгілі. Осы игі бастама аясында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінде «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Іс-шараға Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қатысып, рухани кештің куәсі болды. Кеш барысында әуелі хакімнің шығармашылығына арналған кітап көрмесі мен инсталяциялары көпшілік назарына ұсынылып, Абай атындағы қалалық орталық кітапханасының қызметкерлері ойшылдың өнегелі өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттады.

Сонымен қатар, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің өнерпаздары «Айттым сәлем, Қаламқас» әні, «Тор жорға» күйі мен «Қазақ биін» орындап, ұлы ақынның қара сөздерін мәнерлеп оқып, тақырыптық театрландырылған көрініс көрсетті. Абай атындағы мектеп-гимназияның ұстаздарынан құралған хор да ақынның «Көзімнің қарасы» әнін әуелете шырқап, шараның көркін қыздырды. Осылайша, жұртшылық әдеби кештен ерекше әсерге бөленіп, тарқасты.