Қордайда саябақ ашылды

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында Қордай ауданында демалыс орны ел игілігіне берілді.

Аумағы 2,57 гектарды құрайтын аллеяның маңайына қиыршық тас төселіп, жарықтандыру тіректері орнатылған. Сонымен бірге тұрғындар үшін демалатын арнайы орындықтар да бар. Мұнда қырық түп шырша және отыздан аса «катальпа» сәндік ағаш көшеттері отырғызылған. Айналасын көгалдандыру жұмыстары назардан тыс қалмаған. Су қоймасының жағажайында пирс жасалып, серуендеуге ерекше көңіл бөлінген. Кішкентай балақайларға арналған ойын алаңшасы да бар.

Саябақтың ашылуына қатысқан аудан әкімі Бегзат Болатбеков қордайлықтарды жаңа демалыс орнының ашылуымен құттықтап,  тұрғындардың денсаулығын нығайтып, саламатты өмір салтын насихаттауда саябақтың атқарар рөлі зор екенін алға тартты.

Ашылу салтанатына жиналған жұртшылық аудандық өнер мектептерінің суретші, шахматшы, әнші, күйшілерінің өнерін тамашалады. Жамбыл облысының және Қордай ауданының Құрметті азаматы Сүгірбай Төле өзінің қуанышын:

— Тұрғындардың тілегі ескеріліп, Қордай ауылында ерекше мәні бар жаңа аллея ашылып отыр. Ауданымыз соңғы жылдары күннен-күнге көркейіп келеді. Біз өте қуаныштымыз. Бұл демалыс орнының қызығын ұрпағымыз көрсін! Баршаңызға тек жақсылық тілеймін, — деп жеткізді.

Айта кету керек, жобаға аудандық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген.