Алдымызда ауқымды міндеттер тұр

0 4

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға Премьер-Министр Олжас Бектенов, Үкімет мүшелері, Ұлттық банк төрағасы, облыстар мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың жетекшілері қатысты.

Мемлекет басшысы жиын барысында Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, цифрлық технологияны жан-жақты енгізу, энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру, салық-бюджет саясатын реформалау, маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту жөніндегі нақты міндеттер мен жоспарларға тоқталды.

Жиында Премьер-Министр Олжас Бектенов еліміздің өткен кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен Үкіметтің биылға арналған жоспарлары туралы баяндады. Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин еліміздің фискалдық жүйесін, яғни салық және бюджет саласын реформалауға қатысты ұстанымдарды таныстырды. Ақша-несие саясатына қатысты мәселелер бойынша Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов сөз сөйледі. «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қордың қызметі туралы есеп берді.

Бұдан бөлек, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков және Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев баяндама жасады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзі

Құрметті кеңеске қатысушылар!

 Бүгін біз Үкіметтің кеңейтілген отырысында өте өзекті мәселелерге тоқталамыз. Себеп – бәрімізге белгілі. Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық.

Жаппай цифрландыру дәуірі, яғни жаңа технологиялық кезең басталды. Күллі әлем мүлдем басқа жағдайда өмір сүреді. Біз соған міндетті түрде дайын болуымыз керек. Жаңа технологиялық ахуалға сақадай сай тұруымыз қажет. Бұл – еліміздің бәсекеге қабілетін арттырып, тұрақты дамуына жол ашатын аса маңызды фактор.

Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз. Осы жұмыстың нәтижесі былтыр қандай болды? Негізгі міндеттер орындалды ма? Бүгін осы сұрақтарға тоқталамыз және жақын арада шешімін табуға тиіс өзекті мәселелерді талқылаймыз.

Құрметті мемлекеттік қызметшілер!

Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп.

Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай.

Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін.

Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда «жасыл энергетиканы» дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады.

Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады.

Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек.

Мен реформалардың нақты бағыты мен оны жүзеге асыру жолдары туралы осыған дейін де айттым. Үкімет ел экономикасын тұралап қалудан сақтап, орнықты дамуды қамтамасыз ету үшін күрделі шешімдер қабылдауы керек және ең бастысы сол шешімдерді іске асыруға тиіс.

Бұл – жоғары білікті әрі жауапкершілік алуға дайын мемлекеттік қызметшілердің қолынан келетін жұмыс. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, мемлекеттік аппараттың тиімділігі осындай күрделі кезеңдерде айқын көрінеді.

Үкімет қаншалықты қиын болса да, жаппай үнемдеуге көшіп, бюджет қаржысын тек қана аса өзекті мәселелерді шешуге жұмсауы керек. Көрпеге қарай көсілетін уақыт келді. Орынсыз шығынды тоқтатып, аяғымызды тартып басу қажет.

Енді Үкіметтің және басқа да құзырлы органдардың жақын арадағы негізгі міндеттеріне тоқталсам.

БІРІНШІ. Экономиканы әртараптандыру. Былтыр өңдеу өнеркәсібі саласында 180 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жобалардың жалпы құны – 1,3 триллион теңге. Соның нәтижесінде осы саладағы өсім 6 пайызға жуықтады. Бұл – соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Осы жақсы үрдісті біржола орнықтырып, сақтап қалу керек.

Тағы бір аса маңызды мәселе – экономикаға инвестиция тарту. БҰҰ мәліметтеріне сәйкес, Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша айтарлықтай табысқа қол жеткізген. Дегенмен тоқмейілсуге негіз жоқ.

Инвесторлардың мәселесін шұғыл шешу үшін Инвестиция штабы құрылды. Соның арқасында бюрократиялық кедергілер мен құқықтық қарама-қайшылықтар жойылып, кейбір жобаларды тезірек жүзеге асыруға жол ашылды. Алайда басты мақсат – «жекелеген» проблемаларды ғана шешпей, елдегі тұтас инвестициялық ахуалды жақсарту.

Инвестициялық жобаларды әзірлеу барысында ведомствоаралық үйлестіруге әлі де көп уақыт кетеді. Үкімет басы артық бюрократиядан арылып, жедел жұмыс істеуі керек.

Мемлекеттік қызметшілердің құлықсыздығы және жауапкершілік алудан тайсалуы келісу рәсімдері мен шешім қабылдаудың тым ұзаққа созылуына себеп болып отыр. Мұны ашық айтқан абзал.

Үкімет инвестиция саласындағы жұмысты күшейтуі қажет. Басқа жол жоқ. Әйтпесе, инвестиция нарығында бәсеке қызып тұрған кезеңде заман ағымынан кеш қаламыз. Бізге сапалы инвестиция қажет екені анық. Озық технологияға негізделген және сыртқы нарыққа арналған жобаларды әдетте шетел инвесторлары ұсынады. Былтырғы 9 айда елімізге 12,7 миллиард доллар тікелей шетел инвестициясы тартылды. Көрсеткішке көңіл толғанымен, бұл 2023 жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға кем.

Ақтөбе, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Алматы қаласында тікелей шетел инвестициясын тарту қарқыны төмендеген. Ал жеке инвестицияның азаюы бюджет есебінен өтеліп жатыр. Бірақ бүгін ғана даму бюджеті шектеулі екені айтылды. Ол ішкі жалпы өнім көлемінің небары 8 пайызын құрайды. Инвестициялық жобаларды бюджет есебінен өтеу тек қысқа мерзімдік нәтиже бере алады. Біз мұны түсінуіміз керек.

Қазір бюджет тапшылығы бар екенін білесіздер. Сондықтан сапалы инвестиция әкелетін жауапкершілігі жоғары инвесторларға қосымша жеңілдіктер беру мәселесін қарастырған жөн. Мұндай саясат менің ел экономикасын ырықтандыру туралы стратегияма толық сай келеді. Бұл – маңызды сәт.

Үкімет инвесторды іздеуге, қолдауға және қорғауға қатысты жұмыстың бәрін жүйелі жүргізетін біртұтас экожүйе құруы қажет. Бұл жұмыс барлық деңгейде, яғни аймақта, орталықта және шетелде бірдей атқарылуы керек. Осы орайда шетелдік және отандық инвесторларға қатысты ұстаным бірдей болуы қажет. Мемлекеттің қолдауына ие болған компанияларға тиісті талап қойылуы керек. Олар жұмыс орындарын сақтауға, өндірісті жаңғыртуға тиіс. Сонымен бірге экология талаптарын мүлтіксіз орындауға міндетті.

Ірі өнеркәсіп жобаларын іске қосу жұмыстары баяу жүріп жатыр. Мұны кезінде елден заңсыз шығарылған активтерді қазынаға қайтару ісімен қатар жүргізу қажет. Мен бұл жөнінде ірі бизнес өкілдерімен кездесулерде айтқанмын. Қазақстанда орта буынға жататын көшбасшы компаниялар шоғырын қалыптастыру міндеті әлі де өзекті. Үкімет биылғы маусым айының соңына дейін келешегі зор әрбір орта кәсіпорынның жұмыс жоспарын әзірлеуге тиіс. Еліміздің сирек кездесетін металл кенішін, соның ішінде әлемде сұраныс артып келе жатқан литийді өндіру мен өңдеу әлеуеті өте үлкен. Бүгін Премьер-Министр баяндамасында осындай 17 кен орнының ашылғанын айтты. Демек біз осы салаға инвестиция мен озық технологияларды тартуымыз қажет. Бұл ретте шетелдік инвесторларға да, отандық бизнесмендерге де басымдық берген жөн.

Қазақстан нарығына геологиялық барлаумен айналысатын ірі шетелдік компаниялар келді. Жер қойнауын пайдалану құқығын ашық әрі қарапайым тәртіппен бөлетін Бірыңғай платформа іске қосылды. Парламент сессиясының соңына дейін бұл жұмыстың заңнамалық негізін қамтамасыз ету керек. Жер қойнауын пайдалану саласындағы реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс. Бұл – принципті ұстаным. Үкімет мұны қатаң түрде сақтауы қажет.

Ірі кен орындарының өнімін бөлу жөніндегі келісімді іске асыру нәтижесінде Қазақстан жаһандық нарыққа қуат көзін сенімді жеткізушіге айналды. Бұл жобалар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосады. Сонымен қатар қомақты инвестициялар ұзақмерзімді жоспарлауды талап етеді. Сондықтан Үкімет өнімді бөлу жөніндегі келісімдерді елімізге анағұрлым тиімді әрі жаңа шарттармен ұзарту үшін келіссөздерді жандандыруы қажет.

Бұдан бөлек, игерілуі технологиялық тұрғыдан күрделі бірқатар мұнай кен орындарын, сондай-ақ айтарлықтай қоры бар тақтатас мұнай кеніштерін экономикалық айналымға енгізген жөн. Мұндай жобалардың коммерциялық тартымдылығын арттыру үшін Үкімет мемлекеттік қолдау шараларын қарастыруы керек.

Тағы да қайталап айтамын: қазіргі жаңа геосаяси және экономикалық жағдайда индустрияға болсын, ауыл шаруашылығына болсын, жалпы ел экономикасына жеке инвестиция тарту – Үкіметтің басты міндеті. Бұл стратегия еліміздің ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келеді. Сондықтан мұнда отаншылдықты желеу еткен жалған ұрандар орынсыз деп күмәнсіз айтуға болады. Сонда ғана Қазақстан өз экономикасына қосымша инвестиция тартады, ресурстық әлеуетін арттырады, жаңа өндірістік кәсіпорындардың пайда болуына жағдай жасайды. Қоғам менің ұстанымымды білсін деп мұны әдейі айтып отырмын.

Былтыр энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға арналған ұлттық жоба қабылданды. Бұл жоба аясында өнеркәсіп саласын дамыту үшін жаңа өнімдер шығару да қолға алынбақ. Отандық кәсіпорындар негізгі сұраныстың 40 пайызын ғана өтей алады. Үкімет жергілікті зауыттармен офтейк-келісім жасау арқылы құрал-жабдық өндірісін жолға қоюға тиіс.

Әлем Қазақстанға зор сенім артады, бізді «орта держава» ретінде таниды. Алайда бұл жоғары мәртебе тек сыртқы саясаттағы нақты нәтижелермен ғана емес, экономика, инвестиция, ғылым және технология салаларындағы жетістіктермен де бекітілуге тиіс.

Қазіргі геосаяси жағдай көршілермен, атап айтқанда, Орталық Азия және ЕАЭО елдерімен ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді қажет етеді. Бұл аймақтың бәсекеге қабілетін күшейтеді. Үкімет өнеркәсіп, көлік және логистика, ІТ сектор, агроөнеркәсіп кешені және басқа да салалардағы өзара тиімді байланыстар бойынша нақты шаралар әзірлеуі керек.

Бұдан бөлек, Қытай, Ресей, АҚШ, ЕО, Таяу Шығыс, Азия елдерімен және басқа да мемлекеттермен ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысын айрықша назарда ұстаған дұрыс.

Келесі кезек күттірмейтін мәселе. Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы қажет. Бұл бағытта біз артта қалып барамыз, жұмыс мардымсыз жүріп жатыр. Еліміздің әр аймағында көрікті жерлер бар. Шетелден және ел ішінен келген туристер біздің қайталанбас қорықтарымызды аралап көргісі келеді. Бірақ белсенді және ауқымды туризмді дамыту үшін жағдайымыз жеткілікті емес. Сондықтан жеке инвесторларды да тарта отырып, қажетті инфрақұрылым салу жұмысын дереу бастау қажет. Туризм саласының инвестициялық әлеуетін күшейтуге арналған кез келген бастамаға қарсы шығатын адамдардың жетегінде кетпеу керек. Маңғыстауда әйгілі Бозжыраға байланысты сондай жағдай болғанын білесіздер.

Үкімет пен жергілікті мекеме өкілдері іскерлік ахуалды жақсарту үшін неғұрлым батыл шаралар қабылдауға тиіс. Мен экономикаға инвестиция тарту мәселесін бекерден-бекер басты орынға қойып отырған жоқпын. Мұның да стратегиялық маңызы зор. Экономикамыздың болашағы мен еліміздің әлем картасындағы орны, ең алдымен, осыған байланысты.

ЕКІНШІ. Инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру керек.

Үкіметтің және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерімен біз энергетикалық және коммуналдық саладағы ауыр дағдарысты еңсердік. Енді Үкімет мұндай жағдайға жол бермеуге тиіс.

Жылу стансаларындағы апаттар елімізге абырой әпермейді, беделіне нұқсан келтіреді және бұл мемлекеттік қызметшілердің жауапсыздығы мен біліксіздігін көрсетеді. Аймақтарда коммуналдық шаруашылықтағы басшылық орындарда кәсіби мамандар емес, заңгерлер мен басқа да гуманитарлық сала өкілдері отыр.

Энергетикалық және коммуналдық нысандардың жұмысын жаңа стандарттарға жедел түрде көшіру керек. Үкімет жаңа тариф саясатын жүзеге асыруды жалғастыруға тиіс. Тарифтер нарық талаптарына сай болмаса, электр энергиясымен, жылумен және сумен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкін емес. ТМД елдерінің бәрінде дерлік электр энергиясының, газдың және мұнай өнімдерінің бағасы Қазақстанға қарағанда қымбат. Бұл жағдай экономика балансының бұзылып, шатқаяқтауына әкеп соғады. Ақиқаты осы, оның несін жасырамыз?! Көршілес елдерге контрабандалық жолмен жанар-жағармай тасылатынын жұрттың бәрі көріп отыр. Өз кезегінде бұл ел ішінде қылмыстың етек алуына негіз болады.

Біз қоғамда ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениетін қалыптастыру маңызды екенін талай жылдан бері айтып келеміз. Бірақ азаматтарға үндеу тастау жеткіліксіз. Бұдан бөлек, ресурстарды тұтынудың әлеуметтік нормаларын енгізу қажет. Үлгі етуге болатын жақсы мысалдар бар. Мысалы, дәл осындай ұстаным ай сайын суды сегіз пайызға жуық үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл – аса маңызды. Себебі Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда су тапшылығы күшейіп тұр. Сондықтан суды үнемдейтін технологияларды пайдалану мәселесі өте өзекті.

Көрші Қытай елінде әлемдік деңгейдегі озық технологиялар бар, олар тәжірибесін бөлісуге дайын. Бірақ біздің жақ – құлықсыз, оның үстіне батыл шешімдер жоқ. Үкіметке осы шаруамен белсенді айналысып, 1 маусымға қарай жұмыс барысы туралы есеп беруді тапсырамын.

Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.

Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет.

Тағы бір маңызды міндет – тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау. Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек.

Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 миллион шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн.

Енді көлік-логистика инфрақұрылымына тоқталайық.

Транзит – жүк тасымалына қатысты халықаралық бәсекедегі біздің орасан зор артықшылығымыз. Мұны толықтай әрі тиімді пайдалануымыз керек.

Қазақстан арқылы өтетін темір жол дәлізін дамыту жұмысын тездету қажет. Бұл жоба Транскаспий бағдарының негізгі бөлігі болмақ. Осы бағыттағы маңызды жобалардың біразы қазір жүзеге асырылып жатыр. Алдын ала қамданып, жұмысты тоқтатпай, жалғастыра беру керек.

«Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырамын. Сондай-ақ Қызылжар бекетінен Ақтау портына дейінгі күре жолдың қозғалысы аса көп учаскелерін жаңғырту керек.

«Алтынкөл – Жетіген» темір жолын да кеңейту қажет. Бұл Қытай мен Орталық Азия арасындағы көлік дәлізінің әлеуетін едәуір арттырады.

Бұдан бөлек, темір жол тасымалын цифрландыру жобаларын уақтылы аяқтау маңызды. Мультимодальды көлік тораптарын дамытуға баса мән берген жөн. Сол арқылы тасымалдың барлық түрін өзара кіріктіруге мүмкіндік туады. Биыл және келесі жылы осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылуға тиіс.

Жаһандық электронды сауда-саттық көлемінің артуы біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондықтан ел экономикасын дамытуға зор ықпал ететін осы үрдісті толық пайдалану керек.

Қазақстанға озық логистика жүйесі қажет. Қазіргі халықаралық нарықтың ерекшеліктерін ескерсек, бұл стратегиялық сипатқа ие міндет саналады. Автокөлік тасымалына арналған «жасыл дәліздің» тиімді қызметін қамтамасыз ету маңызды. Бұған дейін жоспарланған жолдарды салу және жөндеу жұмысын уақтылы аяқтау керек. Біз автокөлік тасымалының әлеуетін толығымен пайдаланып отырған жоқпыз.

Заманауи технологияларды енгізбейінше, логистиканы табысты дамыту мүмкін емес. Сондықтан қоймаларды автоматтандыру, маршруттарды цифрландыру, көлік ағынын басқару ісінде жасанды интеллектіні қолдану Үкімет жұмысының басым бағыттары болуға тиіс.

Шұғыл атқаратын шаруаның бірі – еліміздің аумағында халықаралық әуе хабын құру. Ірі әуежайларымызды бәсекеге қабілетті халықаралық хабқа айналдыру үшін тез арада батыл шешімдер қабылдау қажет. Алдымызда жүк және жолаушылар терминалдары, логистикалық орталықтары және заманауи сервистері бар толыққанды экожүйе құру міндеті тұр. Жүк тасымалының барлық рәсімін жеңілдетіп, авиаотынға қолжетімді баға қою керек. Кейінгі мәселе өте өзекті. Өйткені біздің әуежайлардағы, атап айтқанда Астана әуежайындағы авиакеросиннің бағасы тым қымбат. Үкімет Бәсекелестікті қорғау ведомствосымен бірге аталған міндетті алғашқы жартыжылдықта орындауы керек.

Қазір әлемде әуемен жүк тасымалдау нарығы 140 миллиард долларға бағаланып отыр. Бұл – орасан зор мүмкіндік. Алайда бірде-бір қазақстандық авиакомпания аталған салада толық жұмыс істемейді.

Шамамен мамыр айында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын еліміздің көлік-транзит және логистика әлеуетін дамыту әрі нығайту тақырыбына арнаймыз. Бұл мәселені бөлек қарастыру керек. Өйткені оның стратегиялық маңызы зор. Қазір көлік және логистика саласы халықаралық бизнес ретінде алдыңғы орынға шықты.

ҮШІНШІ. Цифрлық технологияны жан-жақты енгізу қажет.

Қазақстан цифрландыру ісінде, әсіресе, мемлекеттік қызмет көрсету саласын цифрландыру жолында едәуір жетістікке жетті. Бірақ бұл – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана.

Толыққанды цифрлық экожүйе жасау үшін оның іргесі берік болуға тиіс, яғни, сапалы мәліметтер мен оны қорғайтын сенімді жүйе қажет.

Елімізде жасанды интеллект технологиясын қарқынды дамыту керек. Жыл соңына дейін оның кейбір тұстарын Электронды үкімет жүйесіне енгізу қажет. Бұл технологияны «Smart City» жобаларында кеңінен қолдану мәселесіне айрықша назар аударған жөн.

Адам капиталын дамытуды және жоғары оқу орындарын білім беруден ғылыми-зерттеу тәсілдеріне көшіруді көздейтін «AI-Sana» жасанды интеллектіні оқыту бағдарламасының маңызы артып келеді. Үкімет цифрландыру мен жасанды интеллектіні қолданудың біртұтас жүйесін құруға тиіс. Қазір жасанды интеллект нарығында не болып жатқанына қараңыздар. Қытайлық компания 6,5 миллион долларға DeepSeek платформасын жасап шығарды. Оның тиімділігі миллиардтаған доллар жұмсалған платформалардан асып түсті. Жуырда Қытай тарапының цифрландыру мәселесімен, жасанды интеллектіні ойлап табумен айналысатын өкілімен кездестік. Бізге Қытай тәжірибесін міндетті түрде қолдану керек.

Үкіметке мемлекеттік органдар мен ұлттық компанияларға жасанды интеллект технологиясын енгізу жұмысын қолға алуды тапсырамын.

Жаппай цифрландыру мемлекеттің азаматтармен және бизнес өкілдерімен қарым-қатынасын айтарлықтай жеңілдетеді. Сондай-ақ бюрократияны және сыбайлас жемқорлық қатерлерін азайтады. Бұл – түсінікті.

Алайда таяқтың екі ұшы бар, цифрландыру дамыған сайын алаяқтық көбейіп барады. Қоғамдық пікірге теріс ықпал ету, биліктің беделін түсіру және ел ішінде алауыздық тудыру үшін жалған мәлімет таратып, ақпараттық шабуыл жасау белең алуда. Мұндай әрекеттер азаматтардың қауіпсіздігіне және елдегі тұрақтылыққа үлкен қатер төндіреді. Сондықтан интернет-платформаларда арандатушылық сипаттағы ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікке тартуды заңмен бекіту мәселесін ойластыру керек. Бірақ киберқауіпсіздікті күшейту шаралары цифрландыру үдерісіне тосқауыл болмауға тиіс.

Қоғамда мемлекеттің азаматтарды кибералаяқтардан қорғау үшін қабылдап жатқан шаралары нәтижесіз деген қасаң пікір қалыптасып келеді.

Статистика да көңіл көншітпейді. Жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі. Қылмыстың 80 пайызға жуығы әшкереленбейді. Рас, мұндай қылмыстарды ашу оңай емес. Үкімет, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура және басқа да ведомстволар күш-жігер біріктіруі керек. Ішкі істер министрлігіне осы сипаттағы қылмыстарды әшкерелеуге көмектескен жөн.

Сондықтан Үкімет құқық қорғау органдарымен және қаржы саласын реттеушілермен бірге азаматтардың жеке деректерін қорғауды мейлінше қамтамасыз етуі керек.

ТӨРТІНШІ. Энергетиканы дамыту және ядролық кластер құру.

Еліміз өзін өзі электр энергиясымен толық қамтамасыз етіп, 15-20 пайыз шамасында резерв қалыптастыруға тиіс. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған міндет. Сондықтан алдағы екі жылда кемінде 3 гигаваттық жаңа қуат көздерін іске қосу қажет. Бұл – алдыңғы жылдардың көрсеткішінен 2,5 еседей артық меже (1,3 ГВт).

Біздің көміртегі бейтараптығына қол жеткізу туралы стратегиялық бағдарымыз өзгермейді. Алайда оны жүзеге асыруға барынша байыппен, салмақты түрде қараған жөн.

Біз қолда бар табиғи байлықтарымыз бен мүмкіндіктерімізді ұтымды пайдалануымыз қажет. Сондықтан әлдеқашан ескірген технологиялар бойынша салынған ЖЭС-терді инновациялық көмір стансалары алмастыруы керек. Қытай мен Оңтүстік Кореяда зиянды шығарындылары аз, жаңа буын көмір стансалары табысты жұмыс істеп тұр.

Өкінішке қарай, кезінде Балқашта көмір электр стансасы салынбай қалды. Соның кесірінен біз мықты қуат көзінен айрылып қалдық. Ал ондай станса бізге қазіргі таңда артық болмайтын еді.

Энергия тапшылығы артып келеді. Сондықтан алғашқы Атом электр стансасының құрылысын тездету қажет. Жалпы елімізде ядролық кластер құру ісін қолға алу керек. Бұл еліміздің болашақта ойдағыдай дамуына қатысты аса маңызды міндет.

Үкіметке «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, атом саласын дамытудың ұзақ мерзімге арналған жоспарын әзірлеуді тапсырдым. Нақты нәтиже керек. Жан-жақты талдау жүргізіп, атом электр стансаларын салуға барынша қолайлы жерлерді, сондай-ақ заманауи және қауіпсіз технологияларды анықтау қажет.

Үкімет пен Парламент екінші ядролық стансаны қай аймақта салу қажет екені жөнінде маған ұсыныс беруі керек. Бірақ атап өткім келеді: елімізге ядролық қуат керек, онсыз Қазақстан келешекте ойдағыдай дами алмайды. Қуат дегеніміз – бүкіл экономиканың дамуы деген сөз. Екіншіден, қуат жеткілікті болса, барлық аймақтар гүлденіп, өркендей түседі, халықтың тұрмысы жақсарады. Бұл – айдан анық.

Үкімет 2027 жылы Батыс аймақтағы электр желісін еліміздің Бірыңғай электрэнергетикалық жүйесімен біріктіруі керек. Сондай-ақ Оңтүстік аймақтағы электр желілерін күшейту жобасын жеделдеткен жөн. Оңтүстік өңірлердегі энергия тапшылығын жою үшін «жасыл» энергетика саласында ірі жобалар мен бу-газ қондырғылары іске қосылды. Сондықтан 2026 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырына қарасты екінші тармақтың алғашқы кезеңін аяқтауымыз керек.

Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді. Былтыр тоғыз өңірдегі 107 елді мекенге газ жеткізіліп, 300 мың халықтың тұрмысы жеңілдеді.

«Шеврон» корпорациясымен бірге жаңа газ кеніштерін игеру жұмыстары басталып, Ақтөбе облысындағы Жәлібек учаскесін геологиялық барлау жөнінде ынтымақтастық орнады. Алайда Жаңаөзен мен Қашағандағы газ өңдеу зауыттарының, сондай-ақ Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысы базасында жұмыс істейтін электр стансасының құрылысы ойдағыдай жүріп жатқан жоқ. Аталған жобалар межелі мерзімде аяқталуға тиіс.

БЕСІНШІ. Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру қажет.

Былтыр экономиканың басқа салаларына қарағанда ауыл шаруашылығы даму қарқыны бойынша алға шықты.

Бұған көктемгі егіс науқанына берілетін арзан несие көлемін едәуір арттырудың арқасында қол жеткіздік. Биыл осы науқанға кемінде 700 миллиард теңге бөлу керек. Арзан несиені малшыларға және ауыл шаруашылығы өнімін өңдеушілерге берген жөн.

Тиімділігі төмен субсидиялау тәсілінен жеңілдікпен несие беру тәсіліне көшу қажет. Мен бұл мәселе жөнінде осыған дейін де айттым. Осы міндетті орындау керек.

Былтыр диқандарымыз мол астық жинады. Бірақ бидай бағасы тым арзандап кетті. Шаруаларды қолдауға және ішкі нарықты тұрақтандыруға Азық-түлік корпорациясы атсалысты. Бірақ бұл – уақытша шешім. Көбірек табыс әкелетін дәнді-дақылға көшуді жалғастыру қажет. Сондай-ақ шикізатты сақтау және оны терең өңдеу мүмкіндіктерін арттыру маңызды. Өнімді шетелге шығаруға қолдау көрсету керек.

Малдың жұқпалы ауруларына қатысты ахуалды, соның ішінде екпе егу мәселесін ерекше бақылауда ұстаған жөн. Мал шаруашылығының экспорттық әлеуеті осыған байланысты.

Ауылды дамытуға арналған негізгі міндеттерге арнайы тоқталғым келеді. Бұл жерде инфрақұрылымды жаңғыртуға және бизнесті қолдауға басымдық берілуі керек. Ауылдық аймақтарды жан-жақты дамытуға арналған мемлекеттік қолдау шараларының бәрін бір бағдарламаға біріктіру дұрыс шешім болмақ, яғни «Ауыл аманаты», «Ауыл – ел бесігі» және тағы басқа бағдарламалар.

Үкімет пен әкімдерден жаңа, жүйелі әрі тың тәсілдер күтемін. Жалпы, ауыл шаруашылығында шешілмеген мәселелер аз емес. Фермерлер, сарапшылар түрлі түйткілдер туралы жазып жатыр. Мысалы, бордақылау орындары малсыз, жартылай бос тұр, себебі, мал көрші елдерге төмен бағамен сатылып жатыр. Ауылдағы ағайынның тұрмыс сапасына ықпал ететін барлық мәселеге баса мән беру қажет. Ауыл халқы қаржылық және мемлекеттік қызметтерден қол үзіп қалмауы керек. Қазір бұл міндет, негізінен, «Қазпошта» арқылы орындалып жатыр.

Үкіметке әкімдіктермен бірлесіп, пошта бөлімшелерінің шалғай елді мекендерде үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуді тапсырамын.

АЛТЫНШЫ. Салық-бюджет саясатын реформалау.

Бүгін бұл тақырыпқа қатысты қосымша баяндаманы тыңдадық.

Жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және үдерістерді цифрландыру үшін инвестор қаржысын тарту қажет екені түсінікті.

Бір жағынан мемлекет те экономикаға салынатын инвестиция көлемін ұлғайта береді. Сондықтан Үкімет барлық қаржыны басты басымдықтарға сай бөлуі керек. Бұл – Үкімет пен әкімдер бұлжытпай орындауға тиіс негізгі бюджет қағидатының бірі.

Елімізде жаңа әрі барынша қатаң бюджет ережелері қолданысқа енгізілгеніне екі жыл болды. Алайда бұл жүйе әрдайым жұмыс істеп тұрған жоқ. Неліктен олай болды? Оған Үкімет өзі жауап беруге тиіс.

Үкімет ұсынған шаралар бюджетті Ұлттық қордан қосымша қаржы алмай-ақ толықтыруға мүмкіндік береді. Бірақ нақты есептеп, жанама факторлардың бәрін ескеру керек. Сол себепті жаңа Бюджет және Салық кодекстерін тыңғылықты әзірлеп, қысқа мерзімде қабылдау міндеті тұр.

Бұл мәселені қоғам жіті бақылап отыр. Сондықтан бүкіл жұмыс ашық әрі түсінікті, кәсіби деңгейде жүргізілуге тиіс. Халыққа саясатымызды түсіндіру керек.

Мемлекет қаржысын барлық деңгейдегі бюджетке рационалды әрі әділ бөлудің маңызы зор. Тіпті ауылдық округтерге дейін қамтылуға тиіс.

Жалпы сипаттағы трансферттерді есептеген кезде барлық диспропорцияны ескергеніміз жөн. Республикалық бюджеттен, ең алдымен, кенжелеп қалған белгілі бір өңірді жалпы елдің даму деңгейіне жақындататын жобалар қаржыландырылуға тиіс. Әйтсе де барша аймақтың мәселелері мен қажеттіліктері Үкіметтің жіті назарында болуы керек. Өңірлердің даму қарқыны бәсеңдеуіне және әлеуметтік-экономикалық жағдайдың нашарлауына мүлдем жол беруге болмайды. Дәл осы себепті мен бүгін әлеуметтік салық проблемасына назар аудардым. Тағы да байыппен қараңыздар. Қазір аймақ әкімдерін қаржылық стимулдан айыруға болмайды деп ойлаймын. Сайып келгенде, өңір дегеніміз – тұтас ел. Сондықтан мұның шешімін табыңыздар. Алдағы уақытта тағы да кездесіп, бұл мәселелерді талқылаймыз.

Мемлекеттік бюджеттің жоспарлануы мен орындалуы көбіне инфляция үдерістерін бақылау шараларының тиімділігіне байланысты. Ұлттық банк пен Үкіметке батыл әрі қалыптан тыс, бірақ сындарлы шешімдер қабылдауға тура келеді.

Әлемдегі экономикалық конъюнктура тез өзгеріп жатқан кезеңде таптаурын жолмен жүруге болмайды. Ол заман келмеске кетті. Әлем өзгеріп жатқанын көріп отырсыздар. Жаңа мән, жаңа форматтар, ұғымдар мен тәсілдер пайда болуда. Бұл инфляциялық үдерістер мәселесіне де қатысты. Демек қабылданған шешімдер күрделі сын-қатерлерге сай болуға тиіс.

Жолдауда цифрлық активтер айналымына қолданылатын тәсілдерді өзгерту қажет екенін айтқан едім. Қазір мұндай активтерді тек Астана халықаралық қаржы орталығындағы криптобиржа базасында ғана заңды түрде пайдалануға болады.

Алайда, сарапшылардың бағалауынша, Орталықты сауда алаңы ретінде қазақстандық криптоинвесторлардың небары 5 пайызы пайдаланады. Қалғаны астыртын жұмыс істейді. Цифрлық активтердің заңды түрде қолдану аясын кеңейтуге арналған инфрақұрылымды жедел құру керек. Қаржы саласының реттеушілері тиісті заңнама базасын қалыптастыруды қолға алғаны жөн.

ЖЕТІНШІ. Маңызды жобаларды қаржы көздерімен қамтамасыз ету керек.

Екінші деңгейдегі банктердің ресурстарын үкіметтік бағдарламаларға, атап айтқанда, ірі инфрақұрылымдық жобалардың құрылысы мен жаңғырту жұмысына тартуға болады және тарту керек деген мәселе көп айтылды.

Мемлекет бөлетін қаражатты кезең-кезеңімен несие мөлшерлемесін субсидиялауға қарай бағыттау керек.

Бұл қаржыландыру көлемін бірнеше есе ұлғайтып, банктердің ақшасын экономикалық айналымға қосуға мүмкіндік береді.

2017 жылдан бастап 2020 жылға дейін бірқатар ірі банкке мемлекет тарапынан, соның ішінде Ұлттық қор есебінен 15 жыл мерзімге қаржылай қолдау көрсетілгенін білесіздер. Бұл көмек банк акционерлері де ортақ жауапкершілікке ие болады деген талаппен берілді. Кейбір банктер өз шығындарын әлдеқашан өтеген. Бірақ мемлекеттің иелігіндегі қаржыны қайтаруға асықпайды. Тіпті оны жоғары пайызбен тәуекелі аз мемлекеттік қаржы құралдарына салып, кепілді табыс тауып отыр. Үкімет пен Ұлттық банкке шара қабылдауды тапсырамын.

Бір нәрсені атап өткім келеді: банктер Үкіметтің, соның ішінде халықтың жауы емес. Бірақ диалог негізіндегі әділ серіктестік орнауға тиіс. Кезінде сіздерге көмектестік, енді сіздердің кезектеріңіз келді. Қомақты қаражат бергеніміз рас.

Бизнестің кепілге қоятын мүлкінің болмауы нақты секторды кредиттеуге кедергі келтіреді. Сондықтан займды кепілдендіру құралдарын көбейту қажет. Үкімет салалық даму институттарымен бірлесіп, кепілдік қорын құру мәселесін пысықтауы керек. Банктердің, корпорациялардың, орталық және жергілікті билік органдарының жыл сайынғы жарнасы есебінен қаржыландырылатын мұндай қорлар бірқатар елде өз тиімділігін көрсетті.

Сондай-ақ экономикалық қайтарымы жоғары стратегиялық жобаларды жүзеге асырған кезде Бірыңғай зейнетақы жинақтаушы қорынан нарық шарттарына сай «ұзақмерзімге берілетін» қаржыны анағұрлым белсенді тартуға болады.

СЕГІЗІНШІ. Әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажет.

Мен мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларын мейлінше әділ қаржыландыру туралы тапсырма бердім. Үкімет бұл жұмысты бастады. Былтыр денсаулық сақтау саласының өзінде 140 миллиардтан астам теңге орынсыз шығын анықталып, тиімді жұмсалды. Демек жауапкершілікпен қараған кезде қосымша қаражат көзін де табуға болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін реформалауды жалғастыру керек. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық шара қабылдау қажет. Үкімет Парламентпен бірге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру туралы заң жобасын жедел пысықтауы керек. Құжат осы сессияның соңына дейін қабылдануға тиіс.

«Ауылдағы денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі жылдың ішінде халыққа алғашқы дәрігерлік көмек көрсететін 460 нысан пайдалануға берілді. Тағы 195 нысан жыл соңына дейін салынып бітеді. Ауқымды жұмыс. Алайда көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмысы өте баяу жүріп жатыр.

Жоспар бойынша биыл 32 ауруханаға жөндеу жүргізілуге тиіс. Бірақ оның тең жартысының жобалық-сметалық құжаты енді ғана әзірленіп, сараптама жасалып жатыр. Жұмыс созылып кетті. Бұл мекемелерді медициналық құралдармен жабдықтау мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Аталған мәселені дереу шешіңіздер.

Үкімет пен әкімдер алғашқы көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін түгел іске қосуы керек. Ал көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстарын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын.

Мектепке дейінгі және орта білім беру саласында әділ бәсеке болуы қажет. Бюджет қаржысын үнемдеп, қаражаттың ашық жұмсалуын қамтамасыз ету маңызды. Бұған жол ашатын тәсілдерді енгізу жұмыстарын жалғастыру керек. Осы орайда мектепке дейінгі мекемелерді ваучерлік тәсілмен қаржыландыратын пилоттық жобаны атап өткен жөн. Мемлекеттік тапсырыс белгілі бір білім беру мекемесіне байланбайтын болды. Соның нәтижесінде, ата-аналар балабақшаны өздері таңдауға мүмкіндік алды. Аталған жоба қаншалықты тиімді, орынды екенін қарау керек. Егер талапқа сай болса, бұл тәжірибені орта білім беру саласына енгізуге болады. Тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір баланың білім алуына қолайлы жағдай жасау – мемлекеттің міндеті.

Биыл «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аяқталады. Барлық аймақта заман талабына сай тірек мектептер желісі құрылып жатыр. Менің тапсырмаммен үш жыл ішінде тағы 1300 мектеп жаңғыртудан өтеді.

Бұдан бөлек, Үкімет заманауи мектептер салуға қолайлы жағдай жасап, орта білім беру саласына жеке инвестиция тартуы қажет.

Биыл – Жұмысшы мамандықтар жылы. Осыған орай, маңызды іс-шаралар мен жобалар жүзеге асырылмақ. Еңбек адамының абырой-беделін арттыру үшін нақты жұмыс жүргізіледі. Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін түбегейлі жаңғырту ісін бастау керек. Жауапты мекеменің бәрі және ең бастысы, жеке сектор бұл іске белсене араласуға тиіс.

Бизнес бұл салаға көбірек келуі үшін техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдарға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі артады. Оның мөлшері де біркелкі болады. Бұған биыл бюджеттен қосымша 22 миллиард теңге бөлінеді. Бұл ретте әкімдерге зор жауапкершілік жүктеледі. Олар кәсіпкерлермен бірлесіп, аймаққа қажетті мамандықтар тізімін анықтауы керек. Сондай-ақ сұранысқа ие кадрлар даярлау үшін колледждерге бағыт-бағдар беруі қажет.

Ғылым және жоғары білім саласындағы реформалардың қарқыны мен сапасын сақтау маңызды. Білім беру тапсырысын оқу орындарының рейтингіне қарай бөлу жұмысы Үкіметтің бақылауында болуға тиіс.

Соңғы жылдары мемлекет ғылымға бөлінетін қаражат көлемін едәуір арттырды. Әлі де арттыра береді. Бірақ бұл қаржы нақты мақсатқа сай жұмсалуы қажет. Бюджет қаржысын сапалы әрі сұранысқа ие зерттеулер жүргізетін университеттер, институттар мен ғалымдар ғана алуы керек.

*  *  *

Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек. Әкімдерді тікелей сайлаудың нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің жаңа санаты – сайланатын басшылар пайда болды. Бұл – екі жарым мыңнан астам басшы лауазымындағы қызметкер деген сөз. Олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген азаматтар, соның ішінде жастар көп. Сол себепті сайланған әкімдер мен түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті болып тұр. Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырамын. Бұл ретте осындай жұмысты жүргізіп жатқан «Аmanat» партиясының тәжірибесін ескерген жөн.

Мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу. Ол үшін, ең алдымен, азаматтармен ұдайы байланыста болу керек. Онсыз болмайды. Сондықтан халықтан келіп түсетін өтініштерге айрықша назар аудару қажет. Былтырдың өзінде Президент Әкімшілігіне 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен, ал еліміздегі барлық мемлекеттік органдарға шамамен 4 миллион өтініш жолданған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбеюде.

Бір жағынан, бұл жұрттың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сенетінін көрсетеді. Алайда, сонымен бірге, бұл олардың өтініштері мен мәселелері мемлекеттік органдардың күнделікті жұмысы барысында шешімін таппай жатқанын аңғартады. Сондықтан олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін тиянақты жұмыс жүргізу қажет.

Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс.

Ақпараттық жұмыс уақтылы әрі сапалы жүргізілген жағдайда көптеген мәселені, соның ішінде қоғамда дүрбелең тудырған түйткілдерді ушықтырмай шешуге болатын еді. Сондықтан мұқият ойластырылған қоғамдық коммуникация стратегиясы қажет.

Үкіметтің және әкімдердің қызметі өз халқымызға да, сыртқы әлемге де ашық әрі түсінікті болуы керек. Бірінші басшылар азаматтарды жеке қабылдауға тиіс. Бұл – өте маңызды. Әсіресе, аймақ, қала, аудан басшылары халықпен тікелей байланыста жұмыс істеуі қажет. Дегенмен мемлекет пен қоғамның серіктестігі азаматтарға да зор жауапкершілік жүктейді.

Соңғы кезде заң үстемдігіне және қоғамдық тәртіптің сақталуына басымдық беру қажеттігі дамыған елдерде, тіпті, АҚШ-тың өзінде жиі айтыла бастады. Біз мұндай пайымға әлдеқашан келгенбіз.

«Заң мен тәртіп» қағидасы халықтың санасына терең орнығуға тиіс. Ол үшін кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілік» қағидасын берік ұстану қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар барлық деңгейде ұйымдастырылуы керек. Мұны, әсіресе, аймақ әкімдері мықтап қолға алғаны жөн. Бірақ шектеулер мен айыппұлдарға қатысты мемлекеттің де, қоғам белсенділерінің де ұстанымы көңілге қонымды болуға тиіс. Мәжбүрлеу шаралары болмаса, тәртіп орнату мүмкін емес екенін әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттің іс-әрекеттеріне түсіністікпен қараған жөн. Бұл орайда диалог арқылы қоғамдық келісімге келу керек. Қалай десек те, мемлекет заң тәртібін қамтамасыз ету үшін қабылдайтын шаралар өз елін күстәналауға себеп болмауға тиіс. Кейбір азаматтар елімізді мазақ қылуға әуестеніп барады. Мысалы, өзге елдердің өкілдері жоқ жерден «керемет жетістіктерді, табыстарды» тауып алып, оны шетелге жан-жақты насихаттап жатады. Ал біздің азаматтар, олардың ішінде шоу-бизнес өкілдері, өзін өзі «қоғам белсендісі» санайтын жастар, тіпті, депутаттар да бар, Қазақстанға неше түрлі лақап ат қоятын болды. Бұл енді мүлдем түсініксіз, ақылға сыймайтын нәрсе.

Мен бүгін Үкімет жұмысының басты бағыттарын айқындап бердім. Бұл – ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту мәселелері.

Экономикамыз дамып жатыр. Бірақ оның қарқыны ойдағыдай емес. Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек.

Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз.

Құрметті кеңеске қатысушылар!

Бүгін біз еліміздің 2024 жылғы даму нәтижесін қарадық. Қордаланған мәселелерді талқылап, алдағы міндеттерді айқындадық. Басты мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Алдағы жоспардың бәрін сапалы орындау қажет. Сөз соңында тағы да атап өткім келеді: бізге нақты нәтиже керек. Нәтиже болса ғана даму болады.