Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру – өте маңызды
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппарттық кеңесте азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі кеңінен талқыланды.
Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста соңғы бір апта ішінде бес әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер тауық еті, қырыққабат, жұмыртқа, күнбағыс майы, картоптың бағасы көтерілген. Ұн мен қарақұмық бағасы төмендеген. «Бүгінде өсім көрсеткен тауарларға тұрақтандыру қоры арқылы интервенция жүргізілуде», деді басқарма басшысы.
Жалпы 2025 жылдың маусымаралық кезеңінде 8 тауар түрі бойынша ірі сауда желілеріне, дүкендерге, базарларға 746,1 тонна, 2566,8 мың дана және 75,6 мың литр тауарға интервенция жүргізу жоспарланған. Азық-түлік тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында өңірлік тұрақтандыру қорында тікелей сатып алу арқылы және форварттық келісімшарт негізінде 13 569,5 тонна және 4 731,6 мың дана тауар қоры қалыптастырылып отыр.
Арнайы құрылған жұмыс тобы екі аптада бір рет әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасына мониторинг жүргізуде. Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Еркін Елшібековтің сөзінше, өткен жылы азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырған 72 кәсіпкерге ескерту беріліп, жетеуіне айыппұл (627 640 теңге) салынған. Сонымен бірге сөредегі тауар құны мен кассадағы баға айырмашылығы үшін 9 сауда нүктесі 1 956 760 теңге көлемінде айыппұл арқалады.
Облыс әкімі мониторингтен нақты нәтиже көрмей отырғанын баса айтты.
– Азық-түлік бағаларын тұрақтандыру – өте маңызды. Бұл бағыттағы шараларға ерекше назар аудару қажет. Сауда департаменті – мониторинг, ал жергілікті әкімдіктер түсіндіру жұмыстарын күшейту тиіс, – деген Ербол Қарашөкеев азық-түлік тауарлары бағаларының шекті межеден аспауын жіті бақылауды, өңір тұрғындарын арзандатылған азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығы жәрмеңкелерін тұрақты түрде ұйымдастыруды жүктеді. Сондай-ақ жауапты басшыларға дүкендерді өздері аралап, бағалардың нақты жай-күйімен көзбе-көз танысуды тапсырды.