Тараз түрленіп келеді

0 5

Облысымызға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Тараз қаласындағы бірқатар нысанды аралады.

Әуелі сенатор «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Ұлы дала» (15) шағын ауданында бой көтерген 1200 орынды білім ордасына ат басын бұрды. Жаңа үлгідегі оқу ордасында білім алушылар мен педагогтерге жайлы жағдай жасалған.

Бұдан кейін Бекболат Серікбекұлы осы шағын аудандағы 110/10кВ қосалқы стансаның құрылыс жобасымен танысты. Қазргі таңда аталмыш шағын ауданда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес 800 жеке тұрғын үй, 150-ден астам көпқабатты тұрғын үй және бірқатар әлеуметтк нысан көзделген. Ал оның барлығын сенімді және үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз ету үшін шағын ауданда жаңа 110/10кВ қосалқы станса салу қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі таңда «Жылу электр энергетикасын дамыту» бағдарламасы шеңберінде ҚР Қаржы, Энергетика министрліктеріне бюджеттік өтінім енгізілген.

Келесі кезекте депутат «Түйте» каналына аялдады. Қазіргі таңда мердігер «СенімҚұрылысСервис» ЖШС аталған каналды абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

– Бүгінгі күні шаһарды ағын сумен қамтушы арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда, жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. Қазынадан тиісті қаржы қаралып, қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналы механикалық тазалаудан өтті. «Түйте» каналының бойын абаттандыру – жоғарыда аталған жұмыстардың жалғасы. Нәтижесінде каналдың маңы жаңа кейіпке еніп, тұрғындар сейілдейтін демалыс орнына айналады деп жоспарлануда, – деді қала әкімі Бақытжан Орынбеков.

Жалпы «Түйте» каналының жағалауын абаттандыру» жобасы шеңберінде ұзындығы 1738 метрді құрайтын каналды бетондау, 16050 м2 аумағына брусчатка төсеу, әртүрлі тал көшетін отырғызу, жарық шамдарын, тұрғындарға ыңғайлы орындықтарды орнату көзделген.

Сенатор жұмыс сапары барысында «Таразэнергоорталық» АҚ-ына да арнайы барды. Жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша былтыр Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту жұмысы жүргізілген еді. Осылайша, өткен жылға жоспарланған жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары толық аяқталды. Биыл Төле би даңғылының қалған бөлігіндегі жылу құбыры ауыстырылады.
Сондай-ақ қаладағы жылу желілерін қайта жаңғыртудан өткізу бойынша 12 жоба әзірленіп, сараптамадан өтті.

Бекболат Серікбекұлы өз кезегінде өңірлердегі баянды бастамалар мен жарқын жобаларға депутаттар қашанда қолдау танытуға дайын екенін баса айтты.