Елдос Сметов — жылдың үздік спортшысы

0 30

Астанада Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі «Үздік-2024» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

Салтанатты іс-шарада жылдың маңызды спорттық бәсекелерінде ел намысын абыроймен қорғап, қоржынға жүлде салған спортшылар мен олардың тұғырдан көрінуіне сеп болған бапкерлер, сондай-ақ жеңісті жаңалықтардың жаршысы болған БАҚ өкілдері марапатталды.

Бір қуаныштысы, жыл қорытындысы бойынша үздік деп танылғандар қатарында жамбылдықтар да бар. Атап айтқанда, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов  «Жылдың үздік спортшысы» атанса, Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық өңір» деп танылды.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов 2024 жыл отандық спорт үшін ерекше жыл болғанын айта келе «Осы жылдың басты додасы Париж Олимпиадасы мен Паралимпиада екені анық. Біздің құрама тарихи жетістіктерге қол жеткізді. Дзюдошы Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанды. Бұл – Тәуелсіз Қазақстан тарихында дзюдодан бұйырған алғашқы алтын медаль» деп атап көрсетті.