Үлгілі ауыл анықталды

0 2

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Аймақта ағымдағы жылы «Таза Қазақстан» акциясы аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, 829 шақырым канал мен арық жүйесі, 137,5 мың аула және 4,8 мың шақырым көше жолдары тазартылды. 30 мыңнан астам тонна қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұл жұмыстарға 1104 техника тартылды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы жалғасуда. Сенбіліктерге жамбылдықтар белсенді атсалысып келеді. Бірақ, есеп үшін суретке түсіп, ақпарат беріп отырсақ болды деген ойдан аулақ болуымыз керек. Бұл орайда жұмысқа жауапкершілікпен қарап, үлгілі еңбек еткендер аз емес. Олар басқаларға өнеге болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы еліміздің тазалығына қамқорлық жасаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Сондықтан, тазалық жұмыстарын жұрт болып жұмылып, жүзеге асыруымыз маңызды, – деген Ербол Қарашөкеев «Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарына марапаттар табыстады.

Ауылдар арасында өткен бәсекенің қорытындысы бойынша 8 елді мекен үздік деп танылып, қаржылай сертификатқа (I орын — 50 миллион теңге, II орын — 25 миллион теңге, III орын — 10 миллион теңге) ие болды. Атап айтқанда Қаракемер (Қордай), Көктал (Талас), Игілік (Сарысу), Аспара (Меркі), Гродекова (Жамбыл) ауылдары үшінші орынға ие болса, Қайрат (Жуалы) және Ақыртөбе (Т.Рысқұлов) ауылдары екінші орынды еншіледі. Ал Байзақ ауданына қарасты Кеңес ауылы үздік деп танылып, «Үлгілі ауыл» атанды.