Шалғай ауылда жаңа мектеп ашылды

0 9

Тәуелсіздік күні қарсаңында Мойынқұм ауданының ең шалғай Мыңарал ауылында 120 орынды жаңа мектеп балалар игілігіне берілді.

Бұған дейін мыңаралдық балалар білім алып келген, 1972 жылы пайдалануға берілген мектеп ғимараты апатты деп танылған болатын. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасына сәйкес, осы мәселе назарға алынып, өткен жылдың қараша айында білім беру ошағының құрылысы бастау алған еді.

К. Қасымов атындағы жаңа мектепте 34 педагог екі ауысымда 168 балаға білім береді. Ол үшін 13 оқу бөлмесі, спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, асхана, сондай-ақ компьютер, лингафон және мультимедиа кабинеттері, 2 зертхана мен 2 шеберхана қарастырылған.

— Мектебіміздегі оқу бөлмелері кең әрі жайлы. Тәжірибе жүргізу үшін барлық мүмкіндіктер мен заманауи құрал-жабдықтар бар. Енді тек жақсы білім алып, үмітті ақтауымыз қажет, – дейді 5-сынып оқушысы Айсана Қанағат.

Айта кетейік, қазіргі кезде облысымызда 36 білім беру нысанының (10600 орынды) құрылысы жүргізілуде. Бүгінге дейін 13 білім ошағы, оның ішінде үшеуі «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 2 нысанды қолданысқа беру көзделіп отыр. Нәтижесінде 7 оқу орны тапшылығы бар, 3 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен және 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі.

Ағымдағы жылы 9 мектеп пен 1 техникалық шығармашылық орталық күрделі жөндеуден өтті. Мектептерді жаңғыртуға 3,1 миллиард теңге, атап айтқанда, 215 мектепті жаңа модификациялық кабинеттермен жабдықтауға 1,9 миллиард теңге, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге 1,2 миллиард теңге бөлінді.