Меншік иелерінің міндеттері түсіндірілді
Бүгінде Тараз қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары абаттандырылып, ойын және спорт алаңшалары салынуда. Бұл шаһардың шырайын арттырып қана қоймай, тұрғындардың жайлы тұрмысына өз септігін тигізетіні сөзсіз.
Алайда, кейбір нысандар көп ұзамай-ақ жарамсыз күйге түсетіні де жасырын емес. Мұның барлығы тұрғындардың өз ауласына немқұрайлы қарауынан туындап отыр. Сондықтан, олардың жауапкершілігін арттыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бұл бойынша қала әкімі Бақытжан Орынбеков те нақты тапсырмалар жүктеген болатын.
Соған орай, Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөлімінің мамандары арнайы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ерекше атап өтерлігі, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңына сәйкес, тұрғындар кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, тұрғын үйдiң жанындағы спорт, ойын, балалар және шаруашылық алаңдарының жабдықтары пәтерлер мен үй-жайлардың барлық иесiне ортақ үлестiк меншiк құқығымен немесе ортақ жер пайдалану құқығымен тиесiлi. Бұған қоса тұрғындар теңгерімдегі спорт, ойын, балалар және шаруашылық алаңдарының жабдықтарын, шағын сәулет нысандарын, сондай-ақ қоршауларды қиратып, бүлдірмеуге және олардың сыртқы келбетін ұқыпты ұстауға міндеттелген.