Кеңес отырысында келелі мәселелер қаралды
Аудан әкімі Жорабек Баубековтың төрағалығымен Жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті. Онда аудандағы жастар саясатын жүзеге асыру барысы қаралды.
Меркі аудандық Жастар ресурстық орталығы 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясатының дамуына қосқан қомақты үлесі үшін «Үздік Жастар ресурстық орталығы» аталымын жеңіп алған болатын. Осыған орай, аудан әкімі Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров пен орталықтың жастар ісі жөніндегі инспекторы Мадияр Сәмбетовке «Жамбыл облыстық Жастар ресурстық орталығына 20 жыл» төсбелгісін, директордың орынбасары Айтбек Күшікбайға «Үздік директордың орынбасары» аталымдарын табыстады.
Күн тәртібі бойынша аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Нұрбек Жұманазаров баяндады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша Жастар мекемесі тарапынан әртүрлі бағытта 1294 іс-шара ұйымдастырылған. Жастар ресурстық орталығына қатысты 2 нысаналы индикатор белгіленген. Оның біріншісі «Жасыл ел» жобасы аясында 105 жас қоғамдық жұмысқа тартылған. Түйінді нысаналы іс-шаралар бойынша 15 индикаторлық көрсеткіш белгіленіп, жылдың қорытындысы бойынша барлық индикаторлық көрсеткіштер өз деңгейінде жүргізілген.
Бүгінгі күнде Жастар ресурстық орталығы екі жобаны жүзеге асыруда. «Жастарға кеңес» атты жоба аясында 35 көшпелі кеңес беру алаңы өткізілген. «ІЗГІ ІС» волонтерлік қайырымдылық жобасы аясында 72 іс-шара өткізіліп, аз қамтылған 42 отбасы азық-түлікпен қамтылған, жалғызілікті 30 қарияның үй шаруасына көмек көрсетілген.
Кеңес барысында «Мансап» орталығының директоры Ербол Дүйсебаев жастарды жұмыспен қамту шаралары, аудандық мәденеит үйінің директоры Нұржан Тулақбаев жастардың мәдениeт саласындағы рөлі мен маңызы, Жамбыл ауылдық округінің әкімі Ербол Байболсынов округтегі жастар саясатының орындалуы туралы баяндады.