Қидан табыс тауып отыр
«Баладан қайыр болмаса, баланы неге сұрайды» демекші, балаңның күйіндіргені емес, әр бастамасына сүйсіндіргеніне не жетсін? Біздің бүгінгі кейіпкеріміз – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің Журналистика факультетінің студенті Жалғас Өмірзақов бала күнінен «кәсіп түбі – нәсіп» екенін түсініп, ерекше бір іс бастауды армандайды. Бұл ретте Жалғас ата-анасының қаражатына телмірмей, керісінше қолұшын беріп, ертерек табыс табуды мақсат тұтады.
«Іздегенге – сұраған» дегендей, ебін таппай жүрген ісінің нобайын әлеуметтік желіден кезіктіреді. Сөйтіп, құрамында арамшөп жоқ әмбебап тыңайтқыш өндіруді қолға алады.
– «Instagram»-да Мұрат есімді тыңайтқыш өндіретін кәсіпкердің өнімдерін байқап, осы кәсіп түріне деген қызығушылығым арта түсті. Кәсіпкерден тыңайтқышты қалай дайындауға болатыны жайлы сұрастырдым. Тыңайтқышты калифорниялық шылаушынның өзі реттейді екен. Оның басқа шылаушындардан артықшылығы сол, қиды өз асқазанынан өткізу арқылы өндіріп береді. Тыңайтқыш селитра секілді барлық химиялық қоспалардың орнын басатын табиғи өнім болғандықтан еш қоспасыз өсіп-жетілетін бақша өнімдерін ұсыну арқылы табысқа жетуге тырыстым. Осылайша 1 шаршы метр шылаушынды 150 мың теңгеге сатып алдым. Үйге барғанда әкем «Үйдегі малдың қиын құрта алмай жүрсек, сен неге үйге қи тасып жүрсің? Бұл қиды қайтесің? Мұнымен не өндіремін деп ойлайсың?» деп кейіді. Ал анам әкемнің сөзінен кейін көңілі қалмасын деді ме, әйтеуір арқамнан қағып, барынша қолдау білдірді. Анамның қолдағанының өзі төбемді көкке жеткізді. Бірден іске кірісіп кеттім. Малдың қиын 10 шаршы метрге төсеп, үстіне 1 шаршы метр шылаушынды жайып жібердім. Үш ай бойы шылаушын жіберілген қиға су сеуіп, қадағалап, үздіксіз бақылауға алдым. «Бұл дайын тыңайтқышты енді не істеймін?» деген де ой келді арасында. Ойдан ой туып, тыңайтқыш салатын қаптамаға тапсырыс беруді ойластырдым. Оны Алматы қаласынан алдырып, тауардың сыртын әрлеуге кірістім. Туған жерім Жамбыл ауданының Еңбек ауылы болғандықтан өнімге «Еңбек тыңайтқышы» деген атау бердім, – дейді Жалғас.
Еңбектің жемісі мың тамшы терден тұратыны сияқты шылаушын асырау барысында Жалғас та түрлі қиындыққа тап болады. Басында көп нәрсе түсінбегендіктен Жалғастың асыраған шылаушындары жан-жаққа беталды қаша бастапты. Бірде әлеуметтік желіге жүгінсе, енді бірде шылаушын асырайтын таныстарынан мән-жайды сұрастыра бастайды. Кездескен түрлі қиындықтарға қарамай, қалайда жетістікке жетуге талпынады.
– Бірден барлығы бола салды деуден аулақпын. Біріншіден, шылаушындарым жерсінбеді ме білмеймін, жан-жаққа қашып, мазамды алды. Оған бір себеп – қорек аз. Кейін көршілермен сөйлесіп, олардың қорадағы қиларын қоқысқа емес, біздің үйге әкеп беруін өтіне бастадым. Жаңа қи келгенде шылаушындар өздері ақ шығып, орын алмастыратынын түсіндім. Шылаушындардың тағы бір ерекшелігі – тірі өсімдіктерге тиіспейтіндігі. Тек қана қимен қоректенеді. Ең алдымен тыңайтқышқа асқабақ егіп, өзім зерттеу жүргізіп көрдім. Сол асқабақтың ұзындығы – 6, ені 4 метр болып өсті. Асқабақтың өзі де көлемді жеміс берді. Қазір үйдегілер түрлі бақша өнімдеріне осы тыңайтқышты қосу арқылы рақатын көріп отыр. Ал өзім бір арба қидан бір қалта ақша тауып отырмын, – дейді Жалғас.
Қазіргі таңда Жалғас бір келі тыңайтқышты 70 теңгеге саудалауда. Ал егіс алқабына тыңайтқыш алатындар бір қабын 6 000 теңгеге алып кетеді екен. Малдың қиын пайдаға жаратып, табыс тауып отырған жігіттен барлығы кеңес сұрап, шылаушын асырауға көңіл білдіргенімен көп адамның бірден іске кірісіп кетуге жүрегі дауалай қоймапты. Ал студент жігіттің тасы өрге домалап, қидан табыс тауып отыр.